«Достық үйінде» сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және заң үстемдігі» тақырыбында форум өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Форумда облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов аймақта қоғамның індетіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күресте тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтып, азаматтар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы үгіт-насихат жұмыстарын одан әрі белсенді жүргізуге шақырды.
– Ақпанның 1-і күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша арнайы кеңес өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егер біз заң үстемдігі орнаған нағыз құқықтық мемлекет құрғымыз келсе, жемқорлықтың тамырына балта шабуымыз тиіс екенін нақты айтып, барлық мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдарға тапсырмалар берді. Еліміз – ТМД-да жемқорлыққа қарсы арнайы заң қабылдаған бірден-бір мемлекет. 1998 жылы 2 шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң қабылданды. Уақыт өте келе, осы бағытта жақсы көрсеткіштерге жеткен әлемдік тәжірибені жинақтай келе, елімізде жасалған жұмыстарды зерделеп, кемшіліктерді саралай отырып, 2015 жылы 28 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң қабылданды. Бұрынғы заң жасалған жемқорлыққа қарсы күрес болса, жаңа заңда қоғам індетінің алдын алу бағытындағы мәселелер қарастырылған, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру жолдары» тақырыбында өткізілген мақала байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Серікжан Мырзалы еліміздің жемқорлыққа қарсы дербес саясаты қоғам сұранысы мен шетелдік озық тәжірибені ескере отырып, үнемі жетілдіріліп келе жатқанын атап өтті.
– Бұрын негізгі назар қылмыстық жазалауға аударылса, қазір басымдық алдын алу шараларына беріледі. Жаңа форматты сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат үш кезеңнен тұрады. Олар – оқу-ағарту, превенция және жазалау. Еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысының Жарлығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Онда азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жұмылдыру жөніндегі шаралар қарастырылған. Салаға кешенді ықпал ету үшін мемлекеттік органдардың қоғамдық кеңестерінің құзыреті кеңейтілді. Бақылауды іске асыру тетіктері қоғамдық кеңестердің қызметімен шектелмей, парасатты мәдениет қалыптастыруға ниеттілердің барлығының қатысуына мүмкіндік жасалды. Бұл ретте агенттік пен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі арасында тиісті меморандум қабылданып, соның шеңберінде белсенді қарым-қатынас іске асырылуда, – деді ол.
Сонымен қатар, Серікжан Мырзалы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарына үлес қосқан бірқатар белсенділерді департамент басшысының алғыс хатымен марапаттады.
Жиын соңында жастардың арнайы үндеуі оқылып, форум концерттік бағдарламамен жалғасты.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<