Кеше облыстық мәслихаттың кезекті ХVІІІ сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, басқарма және департамент басшылары, депутаттар, өзге де жауапты сала жетекшілері қатысты. Күн тәртібінде 12 мәселе қаралды.
Облыс әкімі аймақта биыл жүзеге асқан жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттер жөнінде баяндады. Сөз басында облыстың барша тұрғындарын тәуелсіздік күнімен құттықтап өтті.
–Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сыр өңіріне ерекше қолдау көрсетіп келеді. Нәтижесінде облысымыз қарқынды даму үстінде. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Өңіріміз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада 1- орында тұр. Биылғы жылдың 11 ай қорытындысымен өнеркәсіп өндірісі – 0,8, өңдеу өнеркәсібі – 20,6, ауыл шаруашылығы – 3, тұрғын үй – 15,3, көлік – 3,3, сауда – 6,5, құрылыс жұмыстарының көлемі 57,5 пайызға артты. Негізгі капиталға 559 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 20,6 пайызды құрады. Айта кету қажет, біз аймаққа шетел инвестициясын, озық технологияларды тарту жұмыстарын белсенді жүргізудеміз. Өткен аптада ғана өңірдің бизнес өкілдерімен бірлесіп, Италия, Испания елдеріне барып келдік, – деді облыс әкімі.
Алдағы уақытта инвестиция тарту одан әрі жалғасады. Биыл 189 мың 449 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, егін мерзімінде толық жиналды. Оның ішінде күріш 85 мыңнан астам гектарды құрайды. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын көтеру, өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу бағытында нақты шаралар қабылдануда. Елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту бағытында ілкімді істер бар. 2022 жылдан бастап облыста жалпы құны 16 млрд 800 млн теңгені құрайтын 55 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде халықты орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі 98,6 пайызға жетті. Биыл өңірде жаңа 13 жобаға 5 млрд 300 млн теңге бөлінді. 2025 жылы жергілікті тұрғындар ауызсумен толықтай қамтамасыз етіледі. Ал тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында құны 11 млрд теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 62 пайызға төмендейді.
– Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығының құрылысы салынуда. Осы мақсатта инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясы жылу орталығының құрылысына 127 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Айта кетсек, аталған жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған ең ауқымды, теңдессіз жобаның бірі. Аймақ үшін айрықша маңызға ие нысанды келер жылы ел игілігіне табыстайтын боламыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда облысында құны 800 млрд теңгені құрайтын қуаттылығы 1100 МВт-тық жаңа бу-газ қондырғыларының құрылысы жоспарлануда. Ол үшін «Самұрық Энерго» компаниясы тарапынан Катар елінің инвесторымен келіссөз жүргізіп, техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Жаңа бу-газ қондырғылары Қызылорда қаласының Ұлытау облысына шығаберіс аумақта салынады. Бұл жұмыстарға әкімдік тарапынан 280 гектар жер аумағы бөлінді. Станцияны 2029 жылы толығымен іске қосу жоспарлануда. Президент қолдауымен бүгінде Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Жоба құны – 26 млрд 200 млн теңге. Келесі жылу беру маусымында қала толық ыстық сумен қамтылады. Ал өңір тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 75 пайызды құрайды. Биыл газдандыру жобаларына 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 330 шақырым газ желілері салынуда. Осы жобалардың арқасында биыл өңірімізді 78 пайызға газбен қамтимыз. Алдағы жылы 10-нан астам елді мекен «көгілдір отынға» қосылады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі кейінгі екі жылда 87,5 пайызға жетті. Аймақтағы жол құрылысын дамытуға биыл 44 млрд 703 млн теңге бөлініп, 300 шақырымнан аса жол жөндеуден өтуде. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асады. Екі жыл бұрын басталған «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының биыл 140 шақырымына қайта жаңғырту аяқталды. Жоба 2025 жылы толық пайдалануға беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жолды бірінші санатқа ауыстыру мәселесі бойынша «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы тарапынан жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Облыс орталығындағы бірқатар негізгі көшелер төртжолақты болып кеңейтілді. Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты автожолы салынуда. Оған қоса Арал қаласы мен Жаңақорған кентінде теміржол үстінен өтетін аспалы көпір құрылысы жүргізілуде. Мұндай көпір құрылысы алдағы уақытта Қармақшы ауданы Жосалы кентінде басталады. Өткен айда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салтанатты түрде ашылды. «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты салынды. Облыс орталығына 300 жаңа автобус алынып, қоғамдық көлік мәселесі толығымен шешілді. Сондай-ақ 1 млрд теңгеге 100 экотакси алынды.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен облысымыз қарқынды құрылыс алаңына айналуда. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге қаралды. Жыл қорытындысымен 2 мың 500-ге жуық пәтер ел игілігіне айналады. Осы жылы жаңадан 3 мектеп, 5 мектептің жанынан қосымша құрылыс пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 10 мектеп салу жоспарланып, оның алғашқысы ретінде облыс орталығынан 900 оқушыға арналған мектеп ашылды. Қазір 9 мектептің құрылысы жалғасуда. Жыл соңына дейін 4-і іске қосылмақ. Қалғаны алдағы жылы аяқталады. Жақын арада дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты табысталады. Биыл заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» балаларға тарту етілді. Демеушілік есебінен салынып жатқан жаңа музыкалық колледж алдағы мамыр айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Биыл 13 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 27 нысан салу жоспарланған. Былтыр 16 жаңа дәрігерлік амбулатория іске қосылса, қалғаны жақын күндері пайдалануға беріледі. Жақында облыстық «Қан орталығы» ел игілігіне айналды. Облыс орталығында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы, онкологиялық бөлімшесі бар көпбейінді аурухана құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта Қызылорда қаласында заманауи перинаталдық орталықтың іргетасы қаланады.
Бұдан бөлек, облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес 11 мың орындық Орталық стадион салынуда. Сондай-ақ жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді. Жақын арада Қызылорда қаласында «Қызылорда-арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталады. Биыл үстел теннисі орталығы ел игілігіне айналды.
Сыр өңірінде демеушілердің қолдауымен кейінгі екі жылда 50 млрд теңгенің жобалары жүзеге асуда. Орталық алаң жаңғыртудан өтсе, аудандарда, ауылдарда демеушілік есебінен аллеялар мен парктер бой көтерді. Сыр өңірінде жарияланған «Руханият жылы» аясында түрлі әлеуметтік нысандар салынып, ауқымды шаралар атқарылды. Нәтижесінде «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды «Өнер орталығы» салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзив театры, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды.
Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтары салынуда. Жаңадан бой көтерген облыстық тарихи-өлкетану музейі алдағы жылы наурыз айында пайдалануға беріледі. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынуда. Елордамыз – Астана, мәдени орталық – Алматы қалаларында өнер күндері жоғары деңгейде өткізілді. Бұл үрдіс келесі жылы республиканың өзге өңірлерінде жалғасады. Мәдениет ұжымдарына биыл алғаш рет жаңадан көпқабатты тұрғын үй салып, 40 жаңа қызметтік пәтер табыстаймыз. Мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында өткен жылдан бастап «Тұран» сыйлығы дәстүрлі түрде жыл сайын берілуде.
– Облыстың даму жоспарына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттыру, азаматтардың әл-ауқатын өсіру және өңірдің қауіпсіздігін нығайту мақсатында 27 түйінді ұлттық индикаторлар енгізілуде. Президент, Үкіметтің ерекше қолдауының нәтижесінде облыс бюджеті 750 млрд теңгеге жетті. Осыдан екі жарым жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд теңге болатын. Өсім 206 пайызды құрады. Қазақстан Республикасының бюджет кодексіне сәйкес «2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешім жобасы әзірленді. Облыстық бюджеттің басым бағыты халықтың өмірі мен әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған. Әлеуметтік жаңғыру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға негізделген бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды, – деп атап өтті облыс әкімі.
2025 жылға арналған облыстық бюджет жобасындағы әлеуметтік саланың үлесі 391,2 млрд теңгені құрайды. Бұл – шығындар көлемінің 70 пайызы.
Кейінгі 2 жылдың ішінде облыс бюджетіндегі даму бюджетінің үлесін 3,6 есеге дейін ұлғайтуға қол жеткізілді. Алдағы жылы аймағымызда инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, жылумен, сумен, газбен жабдықтауға, жолдар салуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру жалғасады.
Мемлекет басшысының халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау мақсатында алдағы жылы 5 елді мекенді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 1,2 млрд теңге бағытталуда. Ал 7 елді мекенді газбен жабдықтауға 5,7 млрд теңге қаралуда. 2025 жылы Қызылорда қаласына қарасты «Сабалақ» саяжайы, Сырдария ауданының «Ақжарма» ауылын газдандыру жұмысын бастау жоспары бар.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Үкіметке ауқымды төрт инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруды тапсырды. Ең алдымен, қазір жұмыс істеп тұрған жылу орталықтарын жөндеу, инженерлік жүйелерді жаңғырту керектігі айтылды. Осы тапсырма аясында 6 магистральдық және кварталаралық жылу желілерін қайта жаңғырту жоспарлануда. Тұрғындардың жайлы ортада өмір сүріп, демалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында өңірдің барлық аудан орталықтары мен Қызылорда қаласында мәдени-көпшілік демалыс орындарын, парктер мен саябақтарды қайта жаңғыртудан өткізетін боламыз. Оның ішінде қалалық демалыс паркін қайта жаңартуға 6,3 млрд теңге бағытталуда. Жоба бойынша жаңа аттракциондар, ойын алаңдарын салу, субұрқақтарды көбейту ойластырылған. Сумен, электрмен, жылумен жабдықтау, инженерлік инфрақұрылымды жүргізу бойынша жобаларды қаржыландыруға 8,5 млрд теңге жоспарлануда. Биыл облыстағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асады. Бұл жұмыстар жалғасып, бюджеттен 15,5 млрд теңге қаралуда. Облыстық бюджеттің көлемі республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді қоспағанда 558,5 млрд теңгеге ұсынылуда. Алдағы күндері Үкімет қаулысы негізінде республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттердің көлемі айқындалады. Қаулы негізінде облысымызға қосымша 60-70 млрд теңге қаржы келуі күтілуде. Бұдан бөлек, қала, аудандардың бюджеттері бекітіледі. Сол арқылы келесі жылдың бюджетін 630 млрд теңгеге жуық қаржымен бастайтын боламыз. Биылғы жылдың бюджеті 605 млрд теңге көлемінде бекітілген еді. Жыл көлемінде ұлғайып, жоғарыда атап өткенімдей 750 млрд теңгеге жетті. Алдағы жылы да нақтыланған бюджетті ұлғайтуға жұмыс жасаймыз, – деп сөзін түйіндеді облыс басшысы.
Сессияның күн тәртібінде қаралған өзге де мәселелер бойынша тиісті басқарма басшылары мәлімдеме жасап, тиісті шешімдер қабылданды.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<