Жетпіс жыл бойы күнделік жазған қаламгер

2422

0

Қалың көпшілікке етене жақын «Махаббат қызық, мол жылдар» романы мен «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогиясының авторы, қазақтың біртуар азаматы, жазушы, журналист Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылық жолы ақын және публицист ретінде басталған. Жазушының өлеңдері, мақалалары мен романдары бүгінге дейін халық жадында сақтаулы. Кей туындысын алып қарасақ та ондағы баяндалған оқиғалар тартымды әрі түсінікті. Кейіпкердің бейнесін, мінез-құлқын беруде ерекше шеберлік таныта білген жауынгер жазушының майдан даласынан бастап күні кешеге дейін қолынан қалам қағазын тастамағаны журналистикаға деген адалдығы.

О заман да, бұ заман, жасы тоқсанға таяған шағында ақсақалдың компьютердің пернетақтасымен зырылдатып мақала жазғанын көрдіңіз бе? Иә, көзге ерсі көрінеді. Ерсі көрінгені былай тұрсын елестетудің өзі қиын. «Жігерін жас күнінде отқа ұстаған, селкілдеп сексенінде сотка ұстаған» демекші, қарияларымыз техниканың тетігінен алыс жүруге тиіс сияқтанады. Бірақ ол пікірді теріске шығарып, техникаға тез бейімделіп, журналиститканың қарт сарбазына айналған тұлға – Әзілхан Нұршайықов еді. Олай дейтініміз, жазушының «бес қаруы» әрдайым бойынан табылатын. Қолынан қаламы түскенше жазуды тоқтатпады. Әрқашан өзімен бірге қойын дәптердің жеті атасы жүрді. Ұтымды ой келе қалса дереу қойын дәптеріне түртіп алып отырды. «Ой дегенің қонақтап тұрған торғай сияқты. Пыр етіп ұшып кетсе, айырыласың да қаласың», дейтін. Сол ойлардың дәнегін кішкентай ғана блокнотынан тауып алып, кереметтей шығармаларының негізіне айналдыра білді. Тіпті, осы заманның озық техникалары Әзілхан атамыздың кабинетінде сап түзеген. Ксерокс, факс, компьютер, принтер, сканер… Жазушы соның бәріне телміре қарап бос отырмайтын. Қолы қалт ете қалса дереу қаламы мен қағазын алуға асыққан.

Техникаға деген құмарлығы ешбір студенттен кем болмаған. Білмеген тұсы болса немерелерінен сұрап, электронды поштамен жұмыс жасауды жетік меңгерген қарт жауынгердің заманауи техникалардың бәрін меңгеруге қауқары жеткен. Кейде өзінің «ескі досы» қара машинканы да пайдаланған. Есімін қалың көпшілікке танытқан қара машинкасын қалай жұмыссыз қалдырсын. Қолы компьютердің пернетақталарынан босай қалса болды машинкасымен қара жорғадай жүйтки жөнелетін болған. Соның арқасында жұрт қолдан-қолға түсірмей жата-жастанып оқитын шығармаларды өмірге алып келді. Әрдайым қоғамдық өмірге араласып, айналада болып жатқан оқиғаларға дер кезінде үн қосып отырды.

Естеріңізде болса жазушы Герольд Бельгер: «Қазақ жазушыларының ішінде күнделік жазатындары некен-саяқ» деген болатын.  Әзілхан ата – жетпіс жыл бойы күнделік жазып, өлең шығарумен айнлысқан. Ал өмірінде күнделік жазамын деп ойламаған. Әскерге дейін айналасында болып жатқан оқиғаларды тиіп-қашып жүріп қағазға түсірген. Ең алғашқы жазбасы 1940 жылы 27 маусымнан басталған. Сол күні былай деп ой түйген екен: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық – аздырар адам баласын» деген Абай сөзі рас екен. Мен қалада жүргенде, анау-мынау ұсақ өлеңдер жаза беруші едім. Колхозға келгелі ешнәрсеге мойным жар бермейтін болды». Мінекей қаламгердің жетпіс жылға созылған күнделік жазбасы осылай басталған. Күнде-күнде не істегенін, тірішіліктің түйткілдерін қағаз бетіне түсіруден шаршамай, оны өмірлік дағдысына айналдыра білді.

Сөйтіп жүріп соғысқа аттанған. Аттанар алдында басталған жазбасы қан-қасаптың ішінде мәңгі үзіліп қалуы мүмкін еді. Бірақ қаламгер майдан даласында жүрсе де қаламы мен қағазын жанынан ешқашан тастаған емес. Тіпті, соған өзі де таңқалған. Қып-қызыл өрттің арасында жазу жазатын жағдай қайдан болсын. Жауынгердің бұлай күнделік жазуы – екінші дүниежүзілік соғыстың тарихындағы қызық құбылыс болған. Күнделіктің ішінде өзі шайқасқа кірген күннен бастап, жеңіс күніне дейінгі майдан шежіресі толық қамтылған. Әйгілі әскери журналистердің күнделік жазбалары болғанын білеміз. Ал қан майданда зеңбірек сүйретіп жүріп соғыс біткенше қатардағы жауынгердің күнделік жазуы таңқаларлық нәрсе. Мүмкін, бұл да бір рухтың күштілігі шығар. Сөйтіп, Әзілхан атамыздың жанкештілігінің арқасында тұтас бір соғыстың әр сәтінің тіпті айы-күніне дейін анық таңбаланғанына куә болдық. Майдан күнделіктері өмірге деген асқан құлшыныспен жазылған. Жас жауынгердің ойының бәрі жауды жеңіп, бейбіт таңның атқанын көрсек екен деген ниетпен өрілген. Бұл жазбалардың жеңісті жақындатқанына еш дау жоқ.

Қарт қаламгердің күнделігі жазылған ең соңғы күн – 2011 жылдың 6 ақпаны. Сол күні қаламгер әдеттегіше Абай атамыздың ескерткішіне барып, тұғыртасын алақанымен аялап, Алатауға үнсіз қарап тұрыпты. Содан соң өзін жайсыз сезінді ме, әлде сол күннің әсерлерін күнделігімен бөліскісі келді ме, әйтеуір үй жағына беттеген. Оның күнделігінде ең көп аталатын есім – Абайдың есімі. Абыз ақынды жырлап, оған қатысты жәйттерді көркем сөзбен өрнектемеген жері жоқ. Тіпті Абайға арнап жазылған өлеңдерінде қағаз бетінен кездестіруге болады. Абаймен басталған жетпіс жылдық жазба Абаймен аяқталуы әбден мүмкін! Қарымды қаламгердің өнегелі өмірінің куәгері болған күнделігі міне осы жерден үзілді. Енді қазақтың рухани өмірінің жаршысы бола білген, екінші дүниежүзілік соғыстың алдында «Ақбұзау» ауылында басталып, жиырма бірінші ғасырда Алматыда аяқталған теңдесі жоқ шежірені көзіміздің қарашығындай сақтау – біздің міндетіміз.

Аружан ЕРАЛЫ,

Сұлутөбе ауылы, Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<