Бағзы заманнан шаруа баққан қазақ желдің орамына, соғуына, ерекшелігіне қарай әрқайсына атау қойған. Бір көз шалып қарап шықсаңыз, атаулар астарындағы мағынасына көз жеткізесіз.
Жел атаулары:
Ала қаншық — бір бәсендеп, бір ұйытқыған боран.
Ақ боран — алай-түлей түтеген боран.
Ала құйын — астаң-кестең ұйытқыған боран.
Ақ құйын — қар, шаң боратып қатты соққан құйын.
Азынау жел — гуілдеп соққап аңқыма жел.
Аңызақ жел — жазғытұрым соғатын жылы әрі құрғақ жел.
Алтын күрек — оңтүстіктен үзбей соғып, қыстын соңғы қарын күрт ерітетін жылы жел.
Боранды жел — қарды бұрқыратып ұйытқып соғатын ысқырық жел.
Борасын — қиыршықтап борайтын сырғыма боран.
Бұрқан — долданып, аласұрып өршеленген боран, жел.
Бұрқасын, бұрқақ — жерге түскен қарды суырып соғар бәсең жел.
Дауыл — шаңдатқан, борандатқан, алай-дүлей осқырған жел.
Жатаған жел — төмен, жер бауырлап ескен жел.
Жаяу боран — жаңа түскен үлпек қарды жер бетінен не қатқан қар үстінен үрген еспе боран.«Ақбасқын» деп те аталады.
Жаяу бұрқасын — бәсең боран.
Желең жел — сәл-пәл соғатын жел.
Желемік жел — әлсіз жел.
Желорай — ашық есік, терезеден енген суық ауаның белмедегі жылы ауамен тоғысуы.
Ебі жел — дауылды жел.
Ескек жел — есе соққан жел.
Еспе жел — желпінді екпек жел. Заулама жел — іркілмей соғатын екпінді жел.
Керімсал жел — шілдеде оңтүстіктен соғатын аңызақ жел.
Көк дауыл — аязды қарлы боран.
Көлденең жел — кесе, көлбеу жел.
Қайтыс жел — қарқыны басылған жел.
Қара боран — түтеген қарлы боран.
Қара дауыл — шаң топырақ көтерген сойқанды жел. Қара жел — бұлтты күнгі ызғарлы жел.
Қарыма жел — бет қаритын өткір жел.
Қара құйын — топырақ, құм боратқан жел.
Қарсы жел — жүріс бағытқа қарсы жел.
Қоңыр жел — майда, самал жел.
Құйын — үйіріле, ұйытқи соғатын, кейде шаң-тозанды көкке үйіріп соғатын екпінді жел.
Қызыл жел — аңызақ ыстық жел. Өкпек жел — көбіне көктемде соғатын ызғырық жел.
Өксік жел — ышқынған қатты жел. Сақаусыраған жел — қарқыны бәсендеген жел. Салқын жел — ызғарлы күзгі жел.
Самал жел — қоңыр салқын майда жел.
Сары жел — тынымсыз соққан жел.
Саумал жел — айналып соққан қайталама жел.
Сырма — сусымалы бұрқақ.
Тентек жел — ала құйын есер жел.
Теріскей жел — терістіктен ескен салқын жел.
Толағай — толассыз соққан жел.
Түтек — алай-дүлей боран.
Ұйытқыма боран – ұйытқи соққан қарлы боран.
Үрме жел – екпіні бір басылып, бір көтеріліп соғар жел.
Үскірік жел — күзгі, қысқы құрғақ суық жел.
Ызғырық жел — өңменнен өтер ызғарлы жел.
Ықтырма жел — адамды, малды ықтырып, бет қаратпайтын суық жел.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<