Биыл облыста 184 мың 200 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Басты дақыл – күріш 89,5 мың гектар жерге себіліп, диқан ағайын ала жаздай күтіп-баптаған егісін жинауға кірісті.
Өткен апта соңында Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруа қожалығына орақ түсті. Міне, оңтүстіктегі қос ауданның ізін ала Жалағаш және Сырдария аудандарында да күзгі жиын-терім маусымы басталды.
Осы сәрсенбіде Жалағаш ауданы Таң ауылдық округіндегі «Таң ЛТД» ЖШС-ның егіс алқабындағы егінге алғашқы орақ салу рәсіміне аудан әкімі Асылбек Шәменов, бірқатар ірі шаруашылық құрылым төрағалары, ауыл ақсақалдары мен еңбеккерлер қатысты.
Биылғы жылы аталған ауданда барлығы 36 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Негізгі дақыл – күріш көлемі 21 600 гектар.
– Күріш – біздің елдің, Сыр бойының негізгі байлығы. Ендігі мәселе – осы байлықты шашпай-төкпей ысырапсыз жинап алып, халықтың игілігіне жарату. Бұл үшін барлық жағдай бар. Егін жинауда техника қашанда шешуші рөл атқаратыны белгілі. Биылғы егін жинау науқанына барлығы 994 дана техника қатысады, – деді аудан басшысы А.Шәменов.
Айта кетейік, Имамзада Шағыртаевтың басқаруындағы «Таң ЛТД» ЖШС биылғы жылы 1912 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Серіктестіктің бұған дейінгі жылдарды табыспен қорытындылап, облыс көлемінде биік белестерді бағындырып жүргені мәлім.
Өткен жылы осы серіктестіктің диқандары күріштің әр гектарынан 76 центнерден өнім алды. Шаруашылық тек күріш егіп қана қоймай, мал азығын да өндіріп келеді. Нақты кезеңде құрылымда 115 адам тұрақты жұмыс істейді.
Осы күні Сырдария ауданындағы «Ақжарма және К» шаруа қожалығы еңбеккерлері, ал ертесіне Н.Ілиясов ауылы диқандары егінге орақ салды.
Қайрат Нұрсейітовтің басқаруындағы «Ақжарма және К» ШҚ биыл 1550 гектар күріш екті. Төрағаның айтуынша, фермер қожалығының жұмысы ілгерілеген сайын ауылдың әлеуетін жақсартуға жұмыс жасалуда. Атап айтқанда, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілуде, сондай-ақ шаруашылықта жұмыс істейтін жас мамандарға үй салынып берілуде. Жастарды қолдау шаралары іске асырылуда. Карантин кезеңінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары да шаруашылық есебінен ұйымдастырылыпты.
Республикағамыздағы үздік ауылдардың бірінен саналатын Нағи Ілиясов ауылындағы егінге орақ салу рәсіміне аудан әкімі Руслан Рүстемовпен бірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ерәлиев, «Мағжан және К» ЖШС директоры, Сырдария аудандық мәслихатының депутаты Дархан Ерәлиев, «Абзал және К» ТС директоры Мағжан Ерәлиев, ауыл ардагерлері, шаруашылық қызметкерлері қатысты. Егінге орақ салуға арналған жиында аудан басшысы ала жаздай тер төккен диқандарға сәттілік тіледі.
– Сыр күріші – ел ырысы. Жыл сайын аграрлы ауданымыз ауылшаруашылық саласы бойынша жоғары белестен көрініп келеді. Оның ішінде Н.Ілиясов ауылындағы дала еңбеккерлерінің ел қамбасын алтын дәнге толтыру ісіне қосатын үлесі қомақты. Биылғы жылы да адал еңбекті ту еткен диқандар күріштен мол өнім жинайды деп сенеміз, – деді аудан әкімі.
Әртараптандыру бойынша Сырдария ауданының диқандары биыл 33 110 гектар жерге дақылдар орналастырыпты. Оның ішінде 21 126 гектарына күріш егілген.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<