Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің ішкі саясатының басты бағыттарының біріне айналды. ТМД елдерінің арасында алғашқы болып біздің елде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» заңы қабылданып, арнайы орган құрылды. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің басым бөлігінің цифрландырылуы мен автоматтандырылуы, қоғамдық бақылау қызметі аясының ұлғаюы, биліктің халық алдында есеп беру жүйесінің енгізілуі сыбайлас жемқорлық көріністерінің төмендеуіне өз септігін айтарлықтай тигізуде. Осындай шаралардың нәтижесінде Қазақстан сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі бойынша халықаралық «Transparency international» ұйымының мемлекеттер индексінде 131 орыннан 122 орынға орналасты. Бұл айтарлықтай жетістік.
Елбасы мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін тұтастай күш болып жұмылуы керектігін ұдайы айтып келеді. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының 9-бағытын «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» деп атап, осы бір өзекті мәселе туралы ашық айтты. Сонымен қатар, азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігі, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керектігі нақты айтылған.
«Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз» деп айтып өтті Елбасы. Сондықтан қоғамды жегідей жеп жатқан қауіпті індетпен көп болып күресуіміз қажет.
Т.ЖОЛЫМБЕТОВ,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс
бойынша департаменті басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<