Қалалық «Жұмыспен қамту орталығы» өз жұмысын жаңа ғимаратта бастады. Орталық бұған дейін «Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, азаматтық хал актілерін тіркеу» бөлімімен бірге бір ғимаратта орналасқан болатын. Бұл мекемелер арқылы қызмет алушылардың саны бірнеше есеге ұлғайып, қызмет көрсету барысында ғимараттың тарлығы айтарлықтай жайсыздық тудырды. Себебі қалада 2019 жылдың қорытындысымен атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 5 есеге өскен.
Қазіргі таңда, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) құжат қабылдау жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта, көпбалалы аналардың сұранысын қанағаттандыру, келушілерге жайлы жағдай жасау және мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру мақсатында қала әкімінің тапсырмасымен Жұмыспен қамту орталығы жалпы аумағы 750 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимаратқа көшірілді.
Қала орталығындағы бұл ғимарат, Сүлейменов көшесі №70 мекен-жайында орналасқан. «Бақытты отбасы» атауымен «Open Space» форматында өз жұмысын бастаған орталықта қызмет алушыларға барлық ыңғайлы жағдайлар жасалған. 150 адамға арналған күту залы, балалар ойын бұрышы қарастырылған.
Орталықта жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға кәсіпкерлік бастамалар мен кәсіптік бағдар беру, мемлекеттік бағдарламалар аясында гранттық қаржылар қарастыру, қайта даярлау курстарын ұйымдастыру секілді қала халқы үшін қажетті және маңызды жұмыстар жүзеге асырылады. Алдағы уақытта, орталықтың ішінде заңгерлер, психолог мамандар кеңес беретін арнайы бөлмелер, аналар бөлмесін қарастыру жоспарлануда.
«СБ» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<