Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында экономикамызды өркендетудің, тұрмыс сапасын арттырудың негізі шағын және орта бизнесті дамыту, қаржылық сауаттылықты арттыру, іскерлік, инновациялық орта қалыптастыруда екендігін нақтылап өткен болатын. Жолдауда еліміздегі ғылым, экономиканың даму мәселелерін шешуде жоғары білімді, бәсекеге қабілетті мамандар буынын қалыптастырудың маңызы зор екені де айтылды.
Ал біліміне біліктілігі сай кадр дайындау еліміздің жоғарғы оқу орындарының қызмет көрсету сапасы мен студенттердің жұмысқа орналасу деңгейіне тікелей байланысты. Осы тұста экономика саласында әлеуеті жоғары, озық мамандар даярлауда биылғы жылы құрылғанына 70 жыл толып отырған – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінің алар орны ерекше. Аталмыш мектептің тарихына терең үңілер болсақ, Қазақстандағы жоғары білікті экономистерді даярлайтын ең алғашқы және кең ауқымды қамтитын білім ошағы 1949 жылы ашылып, кейіннен Алматы халық шаруашылығы институтының құрылуына негіз болған. Экономика және бизнес жоғары мектебі – еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан көптеген отандық экономист-ғалымдарды, беделді мемлекеттік қызметкерлерді, табысты кәсіпкерлерді тәрбиелеп шығарған қара шаңырақ. Атап айтар болсақ, еліміздің экономика саласының негізін қалаушылар саналатын К.Бердалиев, К.О.Окаев, Д.Қ.Қабдиев, К.Ә.Сағадиев, К.Н.Нәрібаев сынды академиктер мен ҚР еңбек сіңірген басқада ғалымдары мен еліміздің дамуына үлес қосып жүрген көптеген түлектері студенттер үшін үлгі екенін атап өткіміз келеді.
Ал қазіргі уақытта үздік оқытушылық-профессорлық құраммен жасақталған Экономика және бизнес жоғары мектебінің ұжымы жас экономистердің маман болып қалыптасуы жолында білім мен тәрбиені қатар үйретуде. Экономика және бизнес жоғары мектебінде экономиканың түрлі секторларына қажетті мамандықтар бойынша бакалавр, магистр және PhD докторлары білім алып, жыл сайын 500-ден аса дайын мамандар түлеп ұшады. Сондай-ақ, тұрақты түрде жүзеге асырылатын халықаралық жобалар мен ғылыми зерттеу жұмыстарына қатысу және шетелдік серіктес университеттерде білім алу мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Біз Қазақстанның жетекші классикалық университеті, 85 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім алатынымызға қуанамыз әрі осы оқу орнында білім алған студенттердің қоғамда өз орнын табатынына сенімдіміз.
А. Ибадуллаев, Н.Көптілеуова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Экономика және Бизнес жоғары мектебінің 2-курс магистранттары.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<