Жобаға қатыссаң, шәкіртақы аласың

354

0

Жобаға қатыссаң, шәкіртақы аласың Облыста «Жастар корпусын дамыту» жобасы таныстырылды.  Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкінің қолдауымен іске асқан жоба туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаев айтып берді.  

«Жастар корпусын дамыту» жобасы ең алдымен білім алуға немесе тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндігі аз жастарға қолдау көрсетеді. Пилоттық бағдарлама арқылы жоба қатысушысына 1 млн теңге қайтарымсыз грант беріледі. Тіпті, арнайы шәкіртақысы бар. Басталғанына аз уақыт болған  жоба нәтижесінде қаншама жас кәсіпкер атанды. Бұл жоба алғашқыда Алматы, Павлодар, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асты. 

Брифингте сөз алған Үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким Дүниежүзілік банк 2017-2020 жылдарға арналған «Жастар корпусын дамыту» жобасын қаржыландыру үшін грант бөлінгенін мәлім етті. Мұнда жастарды әлеуметтендіру, әсіресе аз қамтылғандарды қоғамдық пайдалы істерге жұмылдыра отырып, ынталандыру мақсат етіледі. Бұл жоба Қазақстанда алғаш рет іске асуда. Жастар 3-5-тен топтасып, әлеуметтік жоба әзірлеп, оны конкурстық комиссияға ұсынады. Жүргізілген іріктеу нәтижесінде жастар айлық курстарға жіберіледі. Курс соңында әлеуметтік жобаларды одан әрі дамыту үшін гранттар беріледі. Ең жоғары  грант сомасы 1 млн теңге.

– Жалпы, жобаға 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Ең басты басымдылық оқымайтын және жұмыс істемейтін, жұмысы болса да,  жалақысы төмен жастарға беріледі. Өткен жылы жобаға  Қазақстанның төрт облысынан шамамен 2000 қатысушы қамтылған. Биылғы жылы бұл меже 3500 адамға жетеді деп жоспарлануда, – деді Вера Ким.

Жоба қатысушылары өмірлік маңызы бар дағдылар мен жобаларды басқару  бағдарламасы бойынша үш кезеңдік оқытудан өтеді, 6 ай бойы өз әлеуметтік жобаларын іске асырады.   Өңірде жобалық өтінімді ұсыну 20 мамыр мен 20 маусым аралығын қамтиды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<