Жобалар қалай іріктеліп жатыр?

470

0

Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың төрағалық етуімен өтіп жатқан облыс әкімі жанындағы құрылыс нысандарының жобасын қарау жөніндегі кеңестің кезекті отырысына Қармақшы және Жалағаш аудандары бойынша жобалар ұсынылды.

Сейсенбіде Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов 68 жобаны талқылауға алып келді. Мұнда ірі жобаларды негізінен республикалық бюджеттен және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаржыландыруға жіберу ұсынылды. Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабайдың айтуынша, қазір ауылдық әкімдік ғимараттарын салуға рұқсат жоқ. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен ауылдық клуб салуға қаражат қаралмайды.

Кеңес мүшелері жобасы ұсынылған нысандардың қуаттылығын, бөлінетін жер учаскесін, техникалық шарттарды айқындау, жобаларды оңтайландыру және түзету жөнінде өз шешімін ортаға салды.

Онда әлеуметтік сала, жылу-энергетика кешенін, газдандыру, сумен жабдықтау нысандары, автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары талқыланды.

Сәрсенбіде Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов 53 жобаны талқылауға ұсынды. Олардың қатарында техникалық су ұңғымаларын бұрғылау құрылыс-монтаждау жұмыстары, дәрігерлік амбулатория ғимаратының құрылысы, Жалағаш кентіне кіреберіс облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойына 12 гектар жасыл белдеу құру, аудандық маңыздағы автомобиль жолын күрделі және орташа жөндеу секілді жұмыстар бар. Олардың бірқатарының жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Аталған жобалардың басым бөлігін республикалық бюджет есебінен қаржыландыру жоспарланып отыр.

– Қазірге дейін облыстың Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандары бойынша құрылыс нысандарының жобасы талқылаудан өткізілді. Әрине, олардың әрбірінің халық үшін маңызы зор екенін білеміз. Дегенмен қаржы жағдайына байланысты аталған жобалардың арасынан ең маңызды дегенін іріктеуге тиіспіз. Әсіресе, ауызсу, газ, жол мәселесі алдыңғы кезекте тұр, – деді облыс әкімінің орынбасары.

 Енді алдағы күндері Арал, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласындағы жоспарланған құрылыс нысандарының жобасы таразыға тартылады.

Айта кету керек,  облыс бойынша 205 дайын жоба бар. Оларды іске асыруға 124 млрд теңге шамасында қаржы жұмсалады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<