Жобаларды жария талқылады

734

0

«Достық үйінің» мәжіліс залында облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен жария талқылау өтті. Онда 2023 жылға үкіметтік емес ұйымдарға арналған  мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар талқыланды. Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Алмасбек Есмаханов және басқарма басшыларының орынбасарлары, үкіметтік емес ұйым өкілдері және онлайн байланыс арқылы аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Үкіметтік емес ұйымдар – ел қуатын арттырып, мемлекеттің тұрақтылығын күшейтетін маңызды қоғамдық институт. Нақты кезеңде облыста 1193 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 454-і өңірдің рухани-мәдени, қоғамдық өміріне белсенді араласып, өз үлестерін қосуда. Үкіметтік емес ұйымдар арқылы 2021 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде 114 әлеуметтік жоба жүзеге асырылса, биыл 110 әлеуметтік жоба орындалуда.

− 2023 жылы жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалардың тақырыптарын белгілеуге арналған жария талқылауды ұйымдастырып отырмыз.  Бұл  бастама   облысымызда азаматтық қоғамды дамытуда ерекше маңызға ие болмақ. Осы орайда, пікірлеріңіз бен идеяларыңыз біз үшін маңызды. Бірлесіп жасаған жобаларымыздың қоғамға пайдасы мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізеді деп сенеміз, − деді А.Есмаханов.

Жиында  алдағы   жылға  арналған жобалар таныстырылды. Облыстық қоғамдық даму басқармасы азаматтық қоғам институттарымен жұмыс бөлімінің басшысы Уәлихан Ибраев, жастармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Нұркен Мықбасов, дін істері бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлсім Романқұлова баяндама жасап, жобаларын таныстырды.

Мұнан кейін, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Мырзабек, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлыбек Таукеев және барлық аудан әкімінің орынбасарлары онлайн байланысқа шығып жобаларын таныстырды.

Жария талқылауда жобаның тақырыбы, мазмұны, бөлінген қаржы, жүзеге асырылуы кеңінен талқыланды. Үкіметтік емес ұйым өкілдері өз ойларын ортаға салып, сұрақ қойды. Жобаларға жарияланатын конкурс пен қаржы, есеп тапсыру талаптары талқыланды. Жиын соңында А.Есмаханов облыстық қоғамдық даму басқармасының атынан бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<