ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ БОЛДЫРМАЙДЫ

371

0

Өңірде сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында бірқатар жоба жүзеге асып келеді. Өткен жылы «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылып, «Адал ұрпақ» еріктілер клубының облыстық штабы құрылды. Жаңа жылдан бастап қолға алынған бұл жұмыстар жүйелі жалғасын табуда.
Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызыл­орда облысы бойынша департаменті об­лыстық білім басқармасымен бірле­се отырып, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде кездесу өткізді. Маңызды жиында аталған жобалық кеңсенің қызметі, оның негізгі бағыттары сөз етіліп, білім саласындағы жемқорлық тәуекелдері талқыланды. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарының басшылары қарамағындағы қызметкерлерінің құқықбұзушылықтары үшін жекелей жауапкершілікке тартылуы жөнінде келісімге қол қойды. Келісім негізінде тараптар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған жағдайда ҚР заңнамаларында көзделген тәртіптік және басқа да жауапкершілікті көтеруге, тамыр-таныстық факті­леріне және командалық ауысуға жол бермеу­ге, мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға міндеттенді.
Айта кету керек, Елбасы Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында Ас­тананың осы бағыттағы стратегияны жүзеге асыру жөніндегі тә­жіри­бесін өзге де аймақтарға тарату керектігін тапсырған болатын. Осыған байланысты жобалық кеңсе агенттік бастамасы негізінде облыс әкімдігінің қолдауымен ашылды. Бүгінде республиканың 7 аймағында мемлекеттік билік құрылымына деген азаматтардың сенімін арттыруды көздейтін «адалдық алаңдары» жан-жақты жұмыс жүргізуде.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<