Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жарты жылдағы жұмысы бойынша бірқатар заңсыз әрекеттердің беті ашылды.
Келеңсіздік қай салада да тыйылмай тұр. Соның бірі республикалық маңыздағы «Қызылорда-Жезқазған» жолының құрылысы барысында анықталды. Жалпы ұзындығы 424 шақырым күрежолдың 216 шақырымы өңір аумағынан өтеді. Қызылорда-Ұлытау облыстары аралығындағы көлік жолын қайта жаңғырту жобасына (құны – 72 млрд теңге) департамент өкілдері қашықтан талдау жүргізген. Нәтижесінде 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты мақсатсыз пайдалану тәуекелін анықтады.
− «Қазавтожол» компаниясы мен облыстық әкімдікке жол құрылысының сапасын бақылауға алу туралы хаттар жолданды. Уақытылы қабылданған шараларға сәйкес жоба құнының (70 млрд теңге) негізсіз өсуіне жол берілген жоқ. Ұлытау облысындағы осы тектес жобаның құны 90 млрд теңгеден 140 млрд теңгеге дейін, яғни 50 млрд теңгеге қымбаттады. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда, тұрақты мониторинг жүргізілуде, – дейді департаменттің тергеу басқармасының басшысы Ерлан Қасқырбайұлы.
«Қара алтынға» қол салғандар да ара-тұра төбе көрсетіп қояды. Соның бірі 2019-2023 жылдар аралығында 334 тоннадан астам дизель отынын арнайы құжатсыз 26 мемлекеттік мекеме мен 3 заңды тұлғаға 262 млн теңгеден астам сомаға сатып келген. Қылмыстық іс бүгінде аяқталуға жақын. Биыл сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 197, 218-баптары бойынша «Гранд Тамаза», «ДТ Ойл» компанияларының екі субъектісіне қатысты үкім заңды күшіне енді.
Халықты алдап, оп-оңай ақшасынан айыратын қаржы пирамидаларымен күрес күн тәртібінен түскен жоқ. Департамент биыл алты ай ішінде «Qnet» және «Атамекен-2021» пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты 3 қылмыстық істі сотқа жолдады. Құны 302 млн теңгеден асатын мүлікке тыйым салды.
– «Chia-Tai» қаржы пирамидасы бойынша қылмыстық іс аяқталды. Қызылорда қаласындағы құрылымдық бөлімшесінің бұрынғы басшысы сот үкімімен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар пара алып, сыбайлас жемқорлық сипатындағы ауыр санаттағы қылмыстық құқықбұзушылық жасаған ерлі-зайыптыларға сот 7 жыл тағайындады, – дейді департамент өкілі.
Қулығына құрық бойламайтын мұндай құрылымдар енді адамдарды интернет арқылы шақырып, арам пиғылын жүзеге асыруға көшті. Қаржылық мониторинг агенттігі осы ретте 2022 жылдан бері қаржы пирамидалары мен алаяқтық сайттарын анықтау үшін әлеуметтік желіге мониторинг жүргізіп отырады. Цифрландыру және аэроғарыш министрлігі жанынан құрылған эксперттер тобы «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы қаржы пирамидасының белгісі бар сайттар мен сілтемелерді бұғаттауға күш салып келеді. Қызылордалық мамандар ұсынған заңсыздық белгілері бар 263 сілтеменің 251-і бұғатталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде қаржы пирамидасының белгілері бар 4,5 мыңнан астам жазылушы тіркелген 5 аккаунт жабылды. Жастарды қаржылық алаяқтықтан сақтандыру мақсатында Қызылорда қаласындағы мектептер мен колледждерде өткен жылдан бері «Қаржылық сауаттылық негіздері» тақырыбында семинар-сабақтар өткізілуде.
Қаншама адамды сан соқтырып келе жатқан ендігі қауіп – құмар ойын. Оның да жарнамасы интернетте желдей есіп тұр.
– Заңсыз ойын бизнесі желісі бойынша 4 іс тіркелді. 3 іс аяқталып, сотқа жіберілді. Мамандар Instagram («Шиеліқошқар лото» рулеткасы) арқылы заңсыз ойын қызметін ұйымдастырған Қызылорда қаласының екі тұрғынына қатысты қылмыстық істі анықтап, тіркеді. Олар екі жылға сотталды. Сонымен қатар «Суперматик-казино» онлайн заңсыз ойынын ұйымдастырған екі қызылордалықтың ісі сотқа жолданды. Бір күдіктіге іздеу жарияланып, департамент өкілі оны қолға түсірді, – дейді Ерлан Қасқырбайұлы.
Көлеңкелі экономиканың жолын кесу бағытында жедел іздестіру шаралары нәтижесінде өңірде 24 қылмыстық іс тіркелді. 22 іс аяқталып, 1,3 млрд теңге көлемінде залал келтірілгені анықталды. Оның 19,2 млн теңгесі немесе 1,47 пайызы өтелді. Сондай-ақ құны 640,7 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды.
Департамент өкілі қылмыстық істер тек электронды форматта тіркеліп, кәсіпкерлер қатаң алгоритм шеңберінде шақырылатынын атап өтті.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<