Қызылордада қайта жаңғыртылып жатқан көшелерді көргенде көңіл тояттайды. Соның бірі – Жаппасбай батыр көшесі. Қазір мұнда қызу жұмыс.
Мамандардың айтуынша, алдымен шебін төселіп, оның үстіне торсетка жайылады. Содан соң ғана жол жабындысы салынады. Бұл тәсіл бұған дейін қолданылған. Мұның маңыздылығы жауын-шашын мен қар суына, қысқасы жолдың төзімділігін арттырады.
Жол құрылысына жауапты мердігер – «УАД» ЖШС. Учаске бастығы Ғабит Қыстаубаев құрылыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын қадағалайтынын жеткізді. Бүгінде жол құрылысы басында 20-ға жуық техника мен 40 шақты жұмысшы тынбай еңбек етуде.
– Біздің «УАД» ЖШС-ның жол құрылысында ұзақ жылғы тәжірибесі бар. Қашанда жолдың сапалы салынуына мән береміз. «Жаппасбай батыр» көшесіндегі жолдың жалпы ұзындығы – 3,2 шақырым. Ені – төрт қатар көлік жүруге ауыстырылмақ. Көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарықшамдар орнатылады. Қажетті материалдардың барлығы отандық өнімдер. Сапасы талапқа сай. Құрылыс мамыр айында басталды. Межелі мерзімде бітіреміз деген жоспарымыз бар, – дейді ол.
Көпшілікке мәлім осы кезге дейін Е.Көшербаев көшесі қайта жаңғыртылды. Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі жаңадан жол құрылысы салынды. Мамандардың айтуынша, 96 көшеге күрделі және 34 көшеге орташа жол жөндеу жүргізілмек. 54 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Сондай-ақ көшелерге жарық бағаналары орнатылуда. Мұның бәрі – әрине, көне шаһардың дәуірлеу кезеңінің бір көрінісі.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<