Жол картасы: меже мен нәтиже

627

0

Кеше «AMANAT» партиясы облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының  отырысы өтті. Онда «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық және облыстық Жол картасының 2021 жылға орындалуы және биыл І тоқсандағы атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

Партияның сайлауалды бағдарламалары тұрғындар ұсыныстарын ескере отырып, аймақтың экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы – осы Жол картасын іске асыру бойынша жұмыс органы. Сайлауалды бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі жобалаушы топ жетекшісі Нұрғали Қордабай атқарылған жұмыстар мен қаралған қаржы бойынша хабарлама жасады.

Оның айтуынша былтыр Жол картасында көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыруға  барлығы 105,5 млрд теңге қаржы қаралған. Ал биыл 109,1 млрд теңге қаржы облыстық және республикалық қазынадан бөлініпті. Бұған Жол картасының тармақтары аясында өңірдегі білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау нысандарымен қоса ауылдарды жаңғырту үшін 25 елді мекенде 32 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылуына жүргізілген талдау Жол картасының жақсы деңгейде орындалғанын көрсетеді. Бұл туралы партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихаттағы  депутаттық фракция жетекшісі Ләйлә Төрешова атап өтті.

– Партияның облыстық, қалалық және 7 аудандық Жол карталарында былтыр 717 іс-шара межеленіп, олардың 688-і, яғни 96% орындалды. Мысалы, ірі жобаларды атап айтар болсақ, Қызылорда қаласында табақ шыны өндіру және өңдеу,  Жаңақорғанда темір-бетон құбырлары мен керамзиттен құрылыс материалдарын өндіру, Шиелі, Тереңөзек кенттерінде  құрама жем өндіру зауыты мен Арал ауданында  кварц құмын байыту жөніндегі тау-кен байыту комбинаты іске қосылды. Білім, денсаулық салалары бойынша облыста 1,5 мың орындық 5 мектеп, 480 орындық 3 балабақша, студенттер үшін 2 жаңа жатақхана, 5 медициналық нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар 45 мыңнан астам халқы бар бес елді мекен газдандырылып, 2 ауылға ауызсу желісі жүргізілді. Қазір Байқоңыр қаласының су және кәріз желілерін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді фракция жетекшісі.

Жиында Жол картасының орындалу барысында ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелер де көтерілді. Былтыр жоспарланған жұмыстар биыл да жалғасып жатқаны сөз болды. Олардың мерзімінде іске қосылмауына тоқталып, биыл да қайталанбауын жауапты салалық басқармалар мен  фракция мүшелері қатаң бақылауға алуы қажеттігін атап өтті.

– Былтыр инвестордың болмауы немесе бас тартуына байланысты «Қорқыт ата» әуежайын қайта жаңарту және кеңейту жұмыстары, қаржының толық аударылмауына байланысты Шиелі кентіндегі 18 пәтерлік 4 тұрғын үй құрылысы, пандемия салдарынан туындаған шектеулерге байланысты Қармақшы ауданындағы құс фабрикасын салу,  сонымен бірге, құрылыс жұмыстарының сылбыр жүруіне байланысты Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде аудандық емхананың құрылысы секілді   жоспарланған бірқатар жұмыстар биыл жалғасып жатыр. І тоқсан қорытындысымен Жол картасында барлығы 869 іс-шара жоспарланған. Бүгінгі күнге 17 проценті орындалды, 70%-і орындалу үстінде, сондай-ақ орындалмау қаупі бар іс-шаралар да анықталып отыр. Биыл да осындай олқылықтар қайталанбас үшін әріптестерімізбен бірге жұмыс жүргізуіміз қажет, – деді Л.Төрешова.

Сондай-ақ жиында күн тәртібіне сәйкес депутат рейтингі туралы мәселе қаралып, фракция мүшелеріне жұмысты күшейту туралы нақты бағыт-бағдар берілді.

«СБ» ақпарат