Қызылорда гарнизоны әскери бөлімдері мен мекемелерінің әуесқой автомобильшілер қоғамы төрағаларымен жол-көлік оқиғаларының алдын алу және 2022 жылдағы орын алған жағдайларға талдау жасау мақсатында әдістемелік жиын өтті.
Жиын Қызылорда гарнизоны бойынша әуесқой автомобильшілер қоғамының төрағасы – Қызылорда гарнизоны бастығының орынбасары подполковник Байжан Байралиев, Қызылорда гарнизонына қызмет көрсету жөніндегі әскери полиция бөлімшесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі аға офицері әділет майоры Рүстем Жаймбаев және Қызылорда гарнизонына қызмет көрсету жөніндегі әскери полиция бөлімшесінің аға маманы, ефрейтор Жасұлан Іскендіровтің жетекшілік етуімен өтті.
Әскери полиция бөлімшесінің аға маманы, ефрейтор Жасұлан Іскендіров жеке құрам қауіпсіздігінің алдын алу үшін жол-көлік оқиғаларына қатысты сақтық шаралары мен көлікпен жол жүру ережелері туралы баяндама жасады.
Жиынның негізгі мақсаты – әскери қызметшілерде жол апаттарын болдырмау жолдарын қарастыру, автокөліктерді қалай дайындау керектігін түсіндіру және автокөлік жүргізудегі мәдениеттілікті арттыру болып табылады.
Жиын барысында әуесқой автокөлік иелері төрағаларына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери полициясы Бас басқармасы бастығының жол-көлік оқиғаларына қатысты сақтық шаралары мен көлікпен жол жүру ережелері туралы 2023 жылға арналған талаптары түсіндірілді. Сонымен қоса, жол жүру ережелеріне енгізілген жаңа заңдылықтар мен 2022 жылы құқық бұзушылыққа жол берген әскери қызметшілердің қателіктері де жеткізіліп, алдағы уақытта автокөлік иелеріне аталған кемшіліктерді қайталамауды жеткізу тапсырылды.
«Жоспарға сай жеке автокөлік иелерімен теориялық, іс-тәжірибелік сабақтар уақытылы өткізіліп келеді. Автокөлік жүргізушілері мен автокөліктерінің құжаттары, қатаң күн райына дайындығы мен жабдықталуы да бақылаудан өтеді. Керек болған жағдайларда арнайы тапсырмалар да беріледі», – дейді Қызылорда гарнизоны бойынша әуесқой автомобильшілер қоғамының төрағасы подполковник Байжан Байралиев.
Іс-шара соңында жеке құрамның көлікпен жол жүру ережелерін қатаң сақтауы үшін әскери бөлімдер мен мекемелердің әуесқой автокөлік иелері төрағаларына бірқатар тапсырмалар жүктелді.
Мұхит Қонаров,
Қызылорда гарнизоны
баспасөз қызметінің
бастығы, лейтенант
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<