Қазалы ауданында жыл сайын ерекше көңіл бөлінетін саланың бірі – жол мәселесі. Бүгінгі таңда ауданда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 82,5 процентті құрайды. Өткен жылға жалпы ұзындығы 75 шақырымды құрайтын тоғыз жол мен бір көпір құрылысын жүзеге асыру үшін республикалық және облыстық бюджеттен 1801,6 миллион теңге қаржы бөлінген.
2022 жылдан жалғасып келе жатқан үш нысанның жұмысын аяқтауға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» 45-76 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолын жөндеу жұмыстары келесі жылға өтпелі болып табылған. Бүгінгі таңда жұмысты толық аяқтауға 61,6 миллион теңге қаралды. Мердігер мекеме – «Қыран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы аясында 2021 жылы басталған «Әйтеке би-Басықара» аудандық маңыздағы автомобиль жолының бойындағы темір-бетонды көпірді қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтауға 3,9 миллион теңге бөлінді. Қазіргі кезде мердігер мекеме «Жылу-21» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан көпір жиегіндегі қоршаулары орнатылып, асфальт қабаты төселуде. Қазірдің өзінде бұл нысан халық игілігіне беріліп үлгерген.
Аталған жұмыстар биыл да қарқынды жүргізілуде. Биыл көптен тұрғындарға қолайсыздық тудырып отырған «Қожабақы-Бозкөл» 30-45 шақырым және «Қожабақы-Бекарыстан би» 0-25 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары «Қазалы жолшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүргізілуде. Қазіргі кезде жолдардың негізгі қабаттарын күшейту және бұзылған асфальт қабаттарының учаскелерін (ямочный ремонт) қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда.
Мұнымен қатар Ғ.Мұратбаев елді мекеніне кіреберіс 0-5 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеу «Строй модуль Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы іске асырылуда. Бұзылған учаскелері толықтай қалпына келтіріліп (ямочный ремонт), төрт шақырымға асфальт- бетон қабаты төселді. Келісім-шарт құны 124,5 миллион теңгеге жетті. Игерілген қаржы көлемі 36,2 миллион теңге. «Бозкөл-Тасарық» 13 шақырым автомобиль жолын қайта жаңғыртуға байланысты 2 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурстары жүруде.
«Ел бесігінің» елге берері мол
Бірнеше жылдан бері республика бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Мысалы, осы бағдаралама аясында Әйтеке би кентінің 12 көшесіне Ү.Түктібаев елді мекенінде алты көшеге және Ғ.Мұратбаев елді мекенінің Қуандық әулие көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарына барлығы 520,7 миллион теңге қаралған.
– Бүгінде Әуезов, Алтынсарин, Асан қайғы, әл Фараби, Әубәкіров көшелерін жөндеу жұмыстары бөлінген қаржыға сәйкес аяқталды. Ү.Түктібаев ауылының Ә.Қаналиев, Орымбет ишан, Жаңа жол көшелеріне құм аралас малта тас қоспасы және асфальт қабаты төселіп, жол жиегін бекіту жұмыстары жүргізілуде.
Әйтеке би кентіндегі Қазыбек би көшесіне құм аралас малта тас қоспасы төселсе, Счастнов көшесіндегі жұмысты «Строймодуль Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Мұрат Әбсұлтанов:
Мамандардың айтуынша, Ғ.Мұратбаев ауылындағы Қуандық әулие көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2 рет мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Алайда бірде-бір мердігер конкурсқа түспегендіктен, өтпеді деп танылып, құжаттары қайта ұсынылуда.
– Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында сатып алу конкурстары жүргізілген Әйтеке би кентінің Талқанбаев, Нұртуған жырау, Бегім ана, С.Сейфуллин, 2-квартал және Ү.Түктібаев елді мекеніндегі Ә.Жасақбаев, Бейбітшілік көшелерін орташа жөндеу жобалары қаржылық жоспардың өзгеруіне байланысты кейінге қалдырылды, – дейді бөлім басшысы.
Жалпы осы бағдарлама арқылы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында да біршама жұмыстар жүргізілуде. Айталық, Жанқожа батыр мен Әйтеке би көшелерін қайта жаңғырту жұмысын бастауға берілген 150 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурстары жүруде. Жобаның жалпы құны – 840,7 миллион теңге. «Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен Қазалы қаласының Түркебаев, Бөлекбаев, Жакеев, Жанұзақов-1, Жанұзақов-2, Қазалы-1, Қазалы-2, Қодасов, Қосаев, Құлахметов, Құлқашов, Мергенбаев, Мұратбаев, Өтепбергенов, Бөлекбаев-2, Сәтпаев көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары «Қыран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан атқарылуда.
Ал Әйтеке би кентінің 11,5 шақырымды құрайтын 23 көшесіне қиыршық тас төсеуге тиісті қаржы берілген.
Бүгінде 5 көшенің жөндеу жұмыстары толық аяқталып, қалған 18 көшеге топырақ және гравийлі құмды қоспа (ГПС) қабаты салынуда. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырыс беруімен салынып жатқан «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16-шақырымындағы «Қарлан» учаскесінен Сырдария өзені арқылы көпір өткелін салу жұмыстарын жалғастыруға 2813,9 миллион теңге, «Әйтеке би кенті-Қазалы қаласы» аралығындағы 7 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолын қайта жаңғыртуды аяқтауға 801,6 миллион теңге берілді. Дегенмен төртжолақты жол құрылысы мердігер мекеме тарапынан өте баяу жүргізіліп жатқанын жасыруға болмайды.
– Қазалы ауданы «Лақалы» ауылына кіреберіс пен «Бекарыстан би-Шөмішкөл» аудандық маңыздағы автомобиль жолын қайта жаңғыртуға және Жанқожа батыр елді мекеніне кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолын күрделі жөндеу жобаларының жалпы құны көрсетілді. Сонымен қатар «Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңақұрылыс» аудандық маңыздағы автомобиль жолын күрделі жөндеу мен Қазалы қаласы көшелерін қайта жаңғырту жобасына қажетті қаржы берілсе, жұмыстар кезеңімен атқарылмақ, – дейді бөлім басшысы Мұрат Әбсұлтанов.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы





