Өткен аптада ғана өңірлік коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифингтен кейін ақпарат құралдарында жарияланған материалдар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын біраз абыржытқан секілді. Онда жол жөндеу жұмыстарының сапасы туралы айтылған еді. Осы орайда аталған облыстық басқарма «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалы басшылығы берген мәліметтер бойынша қосымша түсіндіріп өтті.
Күні кешегі брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеуімбетов алдымен 2020 жыл қорытындысына тоқталды.
Былтыр облыста жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары желісін дамытуға 19,7 млрд теңге жұмсалып, ұзындығы 492 шақырым құрайтын автомобиль жолдары мен көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өткізілген. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 5,2 млрд теңге қаржыға 136 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары қалыпқа келтірілген. Нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесі 70%-ке орындалған.
Басқарма басшысы облыс тұрғындары үшін өзекті болып жүрген «Әлсейіт», «Шіркейлі», Жаңаарық елді мекені тұсындағы апаттық жағдайдағы көпірлер секілді барлығы 6 нысан пайдалануға берілгеніне назар аударды. Сонымен бірге биыл атқарылатын жұмыстар қорытындысымен жолдардың жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесін 75%-ке жеткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл индикаторлық көрсеткішке қол жеткізу үшін республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттен барлығы 14,8 млрд теңге қаржы бөлінбек.
Атап айтқанда, 2021 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 216 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар жолдар жөнделеді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 3 жоба жүзеге асырылады. Оның біріншісі – облыс орталығындағы Сұлтан Бейбарыс көшесінен «Қызылжарма» каналына дейін (оң жағалау) ұзындығы 4 шақырымды құрайтын магистральді көшенің құрылысын аяқтау. Келесі жобада Қызылорда қаласында дарияның қорғаныс бөгетін бойлай салынатын 2 шақырымдық магистральдық жол құрылысы жоспарланса, үшіншісі – «Эдельвейс» саяжайы ауданының сол жағалау бөлігінде магистральді көше құрылысы. Ұзындығы 1,1 шақырымды құрайтын бұл жол әуежайға баратын жолға қосылады.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш аудандарындағы елді мекендер көшелері жөнделеді. «Кіші қалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша Арал және Қазалының көшелері жөнделмек. Брифингте сонымен бірге 2021-2023 жылдарға арналған жол картасына 21 көпір өткелін жөндеу жоспарланып отырғаны айтылды. Оның 18-і автомобиль жолдары көпірлері, 1-уі қалқымалы қайық және 2 темір жол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер жол өткелдері.
– Ақпарат құралдарында облыста салынған жолдардың жартысы сапасыз дегендей ақпар берілген. Мұндай ұғым қайдан шықты? «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда филиалы басшысы жыл бойында 1282 сынама алынып, оның 621-і жол құрылыс материалдары сынамалары нормативтік құжаттардың талаптарына сай еместігі белгілі болғанын айтқан. Ал оны кейбір әріптестеріміз дұрыс түсінбей, бүкіл салынып жатқан жолдың бәрінен сынама алынып, соның жартысы жарамсыз болып шықты деп қабылдаған. Содан келе салынған жолдардың жартысы жарамсыз деген түсінік туған.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалымен біз келісім шартқа отырғанбыз. Егерде жұмыс барысында біздің басқарма мамандары, авторлық қадағалау жүргізушілер мен техникалық бақылаушылар жұмыстың сапасына күдіктенген жағдайда сол учаскені тексеріп беруге осы орталық мамандарын шақырамыз. Ал бір жол учаскесінен кемі 20, тіпті 100-ге жуық сынама алынуы мүмкін, – деген басқарма басшысы тексеруден кейін мердігерлер жіберген кемшіліктер қалпына келтірілмесе ол нысан қабылданбайтынын атап өтті.
Сөз соңында басқарма басшысы негізгі мақсат мемлекет бөлген қаржыға халықтың игілігіне жұмыс істейтін жол салу екенін жеткізді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<