Сақтықты босаңсытуға болмайды
Сейсенбі күні ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әуелі жолдағы қауіпсіздік мәселелері қаралды.
Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қоғамдық қауіпсіздікті және жол қауіпсіздігін сақтаудағы мәселелерге тоқталды.
– Өткен жылы полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын жабдықтауға облыстық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді. Биыл жергілікті бюджеттен тағы 2,1 млрд теңге берілді. Оның ішінде полиция инспекторларына 18 қызметтік автокөлік табысталды. Алдағы уақытта бюджетті нақтылау барысында тағы да қосымша қаржы бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қызылорда қаласы аумағына 100 бейнебақылау камерасы мен 10 «Сергек» қондырғысы орнатылды. Бұдан бөлек, 10 «Ekin Patrol G2» және 21 «Vuewo» мобильді кешені жұмыс жасауда. Дегенмен, Қызылорда қаласында жол-көлік оқиғалары 120-ға, қайтыс болғандар саны 5-еуге, жарақат алғандар саны 150-ге артқан. Биылғы 6 айда 58 жаяу жүргіншіні көлік қағу жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 77,5 пайызға өскен.
Жүргізушілерге қатаң талап қойып, полиция қызметкерлерінің жұмысын күшейту қажет. Тұрғындар қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Жол-көлік оқиғаларының саны өскен Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында жағдайды қатаң бақылауға алып, жергілікті полиция бөлімдері профилактикалық шараларды күшейтуі керек.
Жиын қорытындысымен жолдар мен көшелерге жол белгілерін орнатып, тозығы жеткендерін жаңарту, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы елді мекендер тұрғындарына малды қараусыз қалдырмау жөнінде түсіндірме жұмысын күшейту тапсырылды. Автомобиль жолдары мен көшелерді салу, жаңғырту, жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алу қажет. Облыстық полиция департаменті авариялық қауіпті учаскелерді анықтап, рейдтерді тұрақты ұйымдастыруға жауапты болмақ. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы жол белгілерін бір апта ішінде қалпына келтіруі тиіс.
Үкімет отырысында сондай-ақ өрт қаупі жоғары кезеңде туындайтын мәселелер талқыланған болатын.
Бұл ретте облыс әкімі жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.
– Облыс аумағында мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы көлемі 7 млн гектар. Оның 3,8 млн гектары – орманды алқаптар. Жыл басынан бері орман қоры жерінің 42,9 гектарында 10 өрт оқиғасы тіркелген. Осы жылғы 15 шілдедегі Үкімет қаулысымен орман мекемелері мен табиғат қорғау ұйымдарына «Кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы өрт сөндіру техникаларын лизингпен алуға 20 млрд теңге қаралған. Бұл мақсатқа бюджеттен тиісті қаржы бөлінуде. Алайда орман өрті азаймаған. Көп жағдайда азаматтар өз қажеттілігін көздеп өрт қояды, малға қолайлы жайылымдық ашып, егістікті қоршауға қада дайындайды. Осындай деректерді ашу үшін өткен жылы 21, биыл 5 жағдай бойынша полиция органдарына материалдар жолданған. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін кінәлілер анықталған жоқ. 28 шілде күні Қазалы ауданы «Бозкөл», «Тасарық», «Қызылқұм» ауылдық округтеріне шекаралас «Тайкеткен» учаскесінде қураған қамыс жанған. Болған оқиға туралы мәліметті уақытылы жіберіңіздер. Бұл тапсырма қала және барлық аудан әкімдеріне қатысты, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы синоптиктердің болжамы бойынша, алдағы тамыз айында жоғары ауа температурасы сақталатынын, қалыпты құрғақшылық күтілетінін ескертіп, орман және дала өртінің алдын алуды тапсырды. Сондай-ақ өрт қаупі жоғары кезеңде шалғайдағы елді мекендердегі өрт бекеттерінің жұмысын күшейту қажет.
Мәжіліс қорытындысымен Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендердегі өрт сөндіру бекеттерін бейімделген ғимаратпен, қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыру тапсырылды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман қоры жерлеріне жаңа минералдық жолақтар жүргізуді, ескі жолақтарды қайта қалпына келтіруді ұйымдастыруы тиіс. Өрт қаупі жоғары кезеңде орман шаруашылығына қарасты өрт сөндіру жасақтары күшейтілген режимде жұмыс жасауы қажет. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті теміржол және автокөлік жолдарының бойына жаңа минералдық жолақтар жүргізуді, ескі жолақтарды қайта қалпына келтіруді бақылауға жауапты. Облыстық қоғамдық даму басқармасы төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қураған шөпті, қоқысты өртеуде қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін қолданыстағы жауапкершілік туралы БАҚ-та кеңінен түсіндіруді ұйымдастыруы керек. Ал облыстық полиция департаменті орман және алқаптарда болған өртке кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін тиісті шараларды қолға алмақ.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<