Жолақы бағасы қымбаттады

372

0

Алматы қаласының әкімдігі қоғамдық көлікте жол жүру ақысының өскенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Алматы көлік холдингі» ЖШС ақпараты бойынша, қалалық қоғамдық көлікті пайдаланатын жолаушылардың 97%-ы жол ақысын қолма-қол ақшасыз тәсілмен – «Оңай» карталарымен, оның ішінде «Оңай» қосымшасындағы виртуалды карталармен, сондай-ақ QR немесе SMS арқылы төлейді. Сәйкесінше қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеген жағдайда жол жүру құны 100 теңге болады. 

“Алматыда қоғамдық көлік үшін жол жүрудің қолданыстағы құны 2012 жылы белгіленді. Содан бері тасымалдау шығындарының бірнеше есе артуына, сондай-ақ дизель отыны мен газ бағасының өсуіне қарамастан, тариф 80 теңге деңгейінде сақталды. Мысалы, 11 жыл бұрын дизель отынының құны 90 теңгені, ал бүгінгі күні 295 теңгені, ал газдың құны бұрын 33 теңгені, ал бүгінгі күні 108 теңгені құрады. Автобустардың құнын қоса алғанда, қалған шығындар бойынша да осындай жағдай. Тасымалдаушылар жаңа автобустар сатып алуда, жаңа маршруттар ашылуда, қолданыстағылар жаңғыртылуда. Осыған байланысты ағымдағы жылы жол жүру құнын арттыру қажеттілігі туындайды”, – делінген ақпаратта. 

Сонымен қатар қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда жол ақысы 50 теңгеге қымбаттап, енді 200 теңге болады. 

“Бұл ретте бүгінгі таңда әрбір автобустың қозғалысын бақылауға, қоғамдық көлік жұмысының әртүрлі критерийлері бойынша есеп жүргізуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйелер енгізілді. Нәтижесінде Алматы агломерациясы аясында көлікті цифрландыру және жолаушылардың көші-қонын анықтау мүмкін болды. Жыл сайын тасымалдаушылар жаңа жылжымалы бірліктерді сатып алады, олар соңғы жылдары бірнеше рет қымбаттады. Ағымдағы жылы коммуналдық автопарк 600 автобус пен 100 троллейбусқа шарт жасасты”, – деп қосты қала әкімдігінің өкілдері. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<