Жолаушылар терминалы бой көтермек

437

0

Биыл аймақтағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға  13 жарым млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 278 шақырымға жуық жол жөндеуден өткізіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен интернет конференцияда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тілеуов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінгі күні 5,1 млрд теңге игеріліп, 82 шақырым жол мен көшелер жөндеуден өткізілген. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткіші 63,5 процентті көрсетуде.

– Қазіргі таңда Сырдария өзенінің сол жағалауындағы қозғалысы реттелетін жалпы қалалық маңызы бар магистральді көше жолдарын Ғ.Мұратбаев көшесі бойындағы бұрыннан бар көпірден “Батыс Еуропа – Батыс Қытай”  автотрассасына дейін салу жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін 600 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Оған қоса сол жағалаудағы қорғаныс бөгетінің жанындағы ұзындығы 7,2 шақырым болатын жалпы қалалық маңызы бар магистральді көшенің жол құрылысын салуға 300 млн теңге бөлініп тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді Д.Маратұлы.

Мұнан әрі сала басшысы өңірдегі азаматтық авиацияның дамуына тоқталды. Бүгінде Қорқыт ата халық­аралық әуежайы арқылы аптасына барлығы 32 тұрақты рейс  шығады. Оның ішінде Астанаға  – 12, Алматыға – 13, Қарағандыға – 1, Атырауға – 2 және Мәскеуге 4 рейс. Осы уақытқа дейін халықаралық 18 рейс орындалып, 4146 жолаушыға қызмет көрсетілген. Жалпы І жартыжылдықта  әуежайдан барлығы 46 мыңнан астам жолаушы жөнелтілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,2 процентке төмендеп отыр.

Әуежайда халықаралық ба­ғыттағы әуе желісін дамыту мақсатында “Таджик Эйр” әуекомпаниясымен келісім шарт жасалған. Ең бас­ты  жаңалық – “Қызылорда қала­сындағы “Қорқыт ата” әуе­жайының жаңа жолаушылар терминалы құрылысы” жоба­сын мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік механизмі арқылы іске асыру жоспарлануда.

– 2015 жылы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы “Kazakhstan Project Preparation Fund” ЖШС мен жаңа жолаушылар терминалы құрылысының МЖӘ жобасының тұжырымдамасын әзірлеу және жобаны сүйемелдеуге келісімшарт жасалған болатын. 30 шілдеде екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті анықтау үшін қайта конкурс өткізілді. Қазіргі сәтте конкурсқа “BI – Industrial” ЖШС қызығушылық танытып, жобаның техникалық ұсынысын әзірлеуде, – деді Дамир Тілеуов.

Жиын соңында БАҚ өкілдері тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алынды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<