Жолаушы тасымалындағы өркенді өзгеріс

51

0

Облыс орталығындағы қоғамдық көлік мәселесі бүгінде толығымен шешімін тапты. Бұрынғы «Газельдерден» бірен-сараны қалғаны болмаса, бүкіл бағытта олардың орнын үлкен сыйымдылықтағы автобустар басты. Мұны көпшілік көкейіндегі көп түйткілдің бірінің шешімі десек, қателеспейміз.

Қызылорда қаласы бойынша жолаушылар тасымалы сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар он жылдан астам уақыт бұрын күш алды. 2013 жылы «Қызылорда автобус паркі» серіктестігі құрылып, ол облыстық бюджет есебінен сатып алынған 20 автобуспен толықты. 2015-2016 жылдары қалаға тағы 92, 2017 жылы 10 автобус келді. Сол жылы облыс әкімдігі, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ мен «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арасында несиеге 92 автобус алу жөнінде келісім орнады. 2020 жылы 13 автобус сатып алынып, жолаушыларға қызмет көрсете бастады. 2022 жылы облыс әкімінің тікелей қолдауымен автобус паркіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке жаңадан 150 автобус алынды. Былтыр күзде қосымша 50, биыл жыл басында қалған 100 көліктің кілті табыс етілді.

– 2022 жылы серіктестік 5 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырса, бұл көрсеткіш 2024 жылы 31-ге жетті. Сонымен қатар қосымша жүктелген «Ягодка», «ПМК-29», «ПМК-66» саяжайы және «Прудхоз» елді мекені бойынша да қызмет көрсетеміз. Қазіргі таңда қала ішінде күнделікті 240 автобус қатынайды. Олардың жүру интервалы – 12-15 минут. Автобус паркіне тиесілі қалаішілік жолаушылар тасымалының барлық бағытын қамту – стратегиялық жоспарымыздың бірі, – дейді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Әбдібәкір Маштаев.

Жолаушы тасымалы жүйесіндегі соны серпін ретінде 2017 жылы қала әкімдігінің қолдауымен жаңа үлгідегі автобус паркінің қолданысқа берілуін айтуға болады. Оның ерекшелігі – қала көлемінде қызмет көрсететін үлкен сыйымдылықтағы автобустарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңы және автобустардың үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасайтын түрлі мүмкіндіктер қарастырылған.

Мекеме басшысының сөзіне сүйенсек, қоғамдық көлік санының еселеп артуына байланысты серіктестіктің штаттық бірлігі ұлғайған. Бүгінде мұнда 700-ден астам адам еңбек етсе, оның 500-ден астамы автобус тізгінінде. Көлік жүргізушілер екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады. Дегенмен, кәсіби талапқа сай келетін жүргізуші тапшы. Басты талап – жасы 25-ке толған, кемінде 5 жыл жүргізуші жұмыс өтілі бар, «D» санатты болуы керек.

– Қазақстанның Автокөлік одағы осы мәселені шешу үшін көлік жүргізушілердің мәртебесін дәрігерлер мен мұғалімдердікі сияқты көтеруді ұсынған болатын. Бүгінде елімізде сегіз мыңға жуық қоғамдық көлік жүргізушісі тапшы. Бұл жағдай біздің өңірге де тән. Автобус тізгіндеген азаматтарды ынталандыру мақсатында әр ай қорытындысымен жол жүру ережелерін бұзбай, автобустың ішкі және сыртқы тазалығын жоғары деңгейде қамтамасыз еткені үшін түрлі көлемде ақшалай бонустар берілуде. Жол жүру ережесін қатаң сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу қатаң бақылауымызда. Қандай да бір жол-көлік оқиғасы бола қалса, дер кезінде талқыланып, апта сайын жол жүру ережесі оқытылады, – дейді Ә.Маштаев.

Үлгілі қызметімен көзге түскен қызметкерлер «Үлгілі жүргізуші», «Елеулі үлесі үшін», «Креативті жүргізуші», «Шебер жүргізуші», «Жол қауіпсіздігі қозғалысының үздігі», «Таза автобус», «Жыл жүргізушісі» номинациялары бойынша марапатталады. Қызметкерлердің құқықтары мен мүддесін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мекемеге қарасты кәсіподақ комитетінің назарында. Қызметкерлерді ынталандыру мақсатында кәсіподақ тарапынан түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Ендігі ретте қызметкерлерді шипажайға, балаларын тынығу лагерьлеріне жіберу бағытындағы жұмыстарды жаңғырту міндеті тұр. Сондай-ақ серіктестік жұмысшылары әртүрлі қайырымдылық акцияларына қатысып, тұрмысы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетіп келеді.

Жаңадан ашылатын бағыттар бойынша автомобиль жолдары мен көшелердің техникалық жағдайына комиссиялық тексеру жұмыстары жүргізіліп, тиісті мекемелерге жол сапасын жақсарту, қажетті жол белгілерін орнату жөнінде ұсыныс жолданып, оның орындалуы қаперде болады.

Серіктестік директоры қоғамдық көлік және жолаушылар тасымалдау нарығын цифрландыру жайына тоқталды. Бүгінде «AlemPay» ЖШС-мен келісімге сәйкес жолақыны ұялы байланыс операторы немесе электронды жол жүру картасы арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Сараланған тариф бойынша 2021 жылдың қаңтар айынан төлем электронды түрде 85 теңге, қолма-қол 90 теңге болып бекітілген еді. Қалалық мәслихат отырысында қолма-қол төлемді 130 теңгеге көтеру ұсынылып, ол қолдау тапты. Ал электронды жолақы 85 теңге күйінде қалды. Сараланған тариф өткен жылғы қыркүйектен бері қолданылып келеді.

– Бұл электронды түрде төлем жасау көрсеткішін арттырып, көлеңкелі кәсіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Жаңашылдық қоғамдық тасымалдауда ыңғайлы және қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етеді. Автопарк кірісін арттырып, жолаушы тасымалдауда мәдениет қалыптастыруға септігін тигізіп отыр, – дейді автобус паркінің басшысы.

Серіктестікке қарасты қоғамдық көліктер түгел «2GIS», «Яндекс GO» және «Яндекс Карта» ұялы қосымшасына тіркелген. Қала тұрғындары мен қонақтары мобильді қосымша арқылы автобустардың жүру бағыты мен уақытын бақылай алады. Барлық көлікте автоинформатор арқылы аялдамалар хабарланады.

«Қызылорда» автобус паркі» мен «KitapAl» кітап дүкенінің ортақ келісімі аясында қоғамдық көліктерде алғаш рет жылжымалы электронды кітапханалар пайда болды. Бұл көпшіліктің кітап оқуға құлшынысын арттырады. Ол үшін телефоныңызда интернет болса, жеткілікті. QR арқылы қазақ жазушылары мен шетелдік классиктердің шығармаларын, психологиялық, тұлғалық даму бағытындағы кітаптарды оқуға болады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<