Жолаушы жайлылығы жан-жақты ойластырылған

526

0

Сыр өңірінде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарын жақсарту бағытында нәтижелі жұмыстар жүзеге асты. Қазір 212 елді мекенді Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарымен байланыстыратын 202 автобус бағдары ұйымдастырылған. Оған қоса Өзбекстан астанасы Ташкент қаласына, Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе және тағы өзге өңірлерге автобус қатынайды.

– Қызылорда қаласының қоғамдық көлік мәселесін шешу бағытында табиғи газбен жүретін 300 автобус алынды. Сол арқылы «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС қалалық 32 бағытта халыққа қызмет көрсетуде. Облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, Қызылорда қаласы мен аудандарға қарасты елді мекендер көшелері жөнделуде. Осы ретте мемлекеттік бағдарламалар аясында облыстағы жол саласын дамытуға республикалық бюджетке 61,1 млрд теңгенің 101 жобасы ұсынылды. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық деңгейінің 92 пайызға жеткізу межеленген, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.

Былтыр Мемлекет басшысы Сыр өңіріне жасаған сапары барысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің Қызылордадан Ақтөбе облысына дейінгі аумағын төрт жолақтыға кеңейтуге қолдау білдірді. Осы ретте Көлік министрлігі техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеп, тұрғындар арасында тыңдалым өткізілуде. Алдағы жылы ол бойынша жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, қаржы қарастырылады.

–  «Болат Өтемұратов қорының» демеушілігімен «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы мамыр айында толық аяқталды. Сондай-ақ облыстық бюджеттен қаржы қаралып, әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жеткізілді. Қазір әуежай аумағында су, кәріз, электр және интернет желілері, бу қазандығы мен КНС, автотұрақтар, автомобиль жолдары салынды. Оған қоса халықаралық стандарттарға сай келетін екінші телескопиялық трап әкелінген. Трапты монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін терминалды ашу жоспарлануда, – деді басқарма басшысы.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<