Жолаушыға сапалы қызмет

231

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында «Көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс» деген болатын. Бұл тұрғыда автобустармен жолаушы тасымалдау – үлкен сұранысқа ие қызмет.

Бұған дейін облыс орталығында ауданаралық, қалааралық жолаушылар көлігіне қатысты шешімін күткен мәселелер аз емес еді. Соның ішінде жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін автовокзал жайы көпті толғандыратын. Көп жылдан бері шешімін таппай келген бұл мәселенің түйіні биыл ғана тарқатылды. Жолаушылар мен жүк тасымалын ұлғайту, қызмет сапасын жақсарту үшін  шаһардың сол жағалауында жаңа автовокзал бой көтеріп, тағы бір әсем, заманауи нысанмен толықты.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Руслан Ибрагимовтің айтуынша, бүгінде 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 205 автобус маршруты ұйымдастырылған. Оның 71-і – ауданаралық (қалааралық) маршрут, 101-і – аудандық (кентішілік) маршрут, 33-і қалаішілік және қала маңы маршруты. Сонымен қатар, Ташкент қаласына халықаралық 1 маршрут және Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе және тағы басқа қалаларға барлығы 13 автобус маршруты бар. Барлық маршруттарда түрлі сыйымдылықтағы 1405 автобус қызмет көрсетуде.

Жыл басынан қаңтар-сәуір айларында 11,1 млн жолаушы тасымалданып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 84,5% жоғарылады.

Қызылордадан – Антальяға

Жуырда «Қорқыт ата» әуежайы жаңа рейстермен толығып, маусым айының 4-нен бастап қызылордалықтар Антальяға тікелей ұша алады. Халықаралық талаптарға сай келетін «Болат Өтемұратов қоры» қолдауымен салынған жаңа терминал ел игілігіне жақын арада пайдалануға берілмек. Қазіргі уақытта терминал маңында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 1986 жылы салынған әуежайға 2010 жылы қайта жөндеу жұмыстары жасалса, ендігі кезекте заманауи келбетімен жұртшылыққа табысталады.

Халықаралық, ішкі рейстер және транзиттік жолаушыларға  қызмет көрсетуге арналған залдар, оның ішінде жолаушыларға ыңғайлы болу үшін телескопиялық трап, 2 эскалатор мен 2 лифт, автоматты түрде жүк  тапсыру жүйесі, сауда орындары,  медициналық көмек көрсету пункті, кафе, намазхана, жүк сақтау және ана мен бала  бөлмелері қарастырылған. Жалпы ауданы 7500 шаршы метр  құрайтын екі қабатты ғимарат сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсетуіне арналған.

«Қорқыт Ата» әуежайының басқарма төрағасы Баян Ажмолдаевтың айтуынша, жолаушыларға қызмет көрсету бойынша кейінгі 4 айда жақсы нәтижелерге қол жеткізілген.

– Өткен жылдың 4 айында 83 мыңға жуық, биыл осы кезең аралығында 106 779 жолаушыға қызмет көрсетілді. Былтырмен салыстырғанда көрсеткіштердің 30% – ға артқаны байқалады. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында рейстер саны 599-ға жетті, өткен жылы 421 рейс болған, яғни 42,3%-ға көбейген немесе 178 рейске артық қызмет көрсетілді.  Былтыр «Қызылорда – Астана» және «Қызылорда – Алматы» бағыттарында аптасына 16 рейс болса, казіргі таңда маусым айына «Қызылорда – Астана», «Қызылорда– Алматы» және жаңадан ашылған «Қызылорда – Анталья» халықаралық чартерлік рейстерін есептегенде аптасына 33 рейс орындалатын болады. Одан бөлек, жаңа терминалдың табысталуына байланысты әуежай қызметкерлері оқытылды, штат саны 50 жаңа жұмыс орнымен толығады. Бұл көрсеткіштер «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайының тұрақты өсімін және әуе тасымалының жоғары белсенділігін көрсетеді. Жаңа рейстер ашу, қызмет көрсету сапасын арттыру және барлық жолаушыларға оңтайлы маршруттық желіні кеңейту бойынша жұмыстар жалғасуда, – деді басқарма төрағасы.

14 жұп жолаушы пойызы

Қызылорда теміржол вокзалы – өткен ғасырдың басында ерекше архитектурамен салынған нысан. Тоғыз жолдың торабында орналасқан, әр тараптан келген жолаушыларды тоғыстыратын шаһардың бас қақпасы. Бүгінде сыртқы және ішкі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, келбеті ажарланған жаңа ғимарат аумағынан 14 жұп жолаушы пойызы өтеді. Облыс орталығынан Петропавловск, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына 5 жұп жолаушы пойызы ұйымдастырылған.

Қызылорда облысынан өтетін магистральдық теміржол желісінің жалпы ұзындығы 1051,7 шақырымды құрайды. Оның 8-і – теміржол вокзалы және 2 қызмет көрсету пункті бар.

Әлеуметтік маңызы бар «Қызылорда-Бесарық-Түркістан» жолаушылар пойызы облысымыздың оңтүстік бағытында 26 елді мекенді қамтиды.  Биыл қаңтар-сәуір айларында 5,8 мың жолаушы тасымалданып, қызмет көрсетілді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<