Жолаушыларға көмек көрсетілді

238

0

Ақтөбе облысының аумағындағы қатты боранға байланысты 7 ақпаннан бері республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолы жабылды. Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейін барлық көлік қозғалысына шектеу қойылды. Осыған орай Арал қаласынан 20 шақырым қашықтықта жол патрульдік полицияның 12 инспекторы 6 автокөлікпен жол бойында  жұмыс жасауда.

Бүгінде Ақтөбе облысына бағыт алған 584 жүк көлігі, 13 жолаушылар көлігі, 210 жеңіл көлік және 1000-ға жуық жолаушы тоқтатылды. Аудан әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылған. Жергілікті ерікті жастар, мекемелер және кәсіпкерлердің, білім саласы қызметкерлері жолаушыларға тегін ыстық тамақ ұйымдастыруда.

Әйелдер мен балалар аудан орталығындағы индустриалды- техникалық колледж жатақханасына орналастырылды. Медицина қызметкерлері жолаушыларды екі мезгіл аралап денсаулығын тексеруде. Жол бойындағы қызмет көрсету кешендеріндегі азық-түлік пен тамақ бағасы жергілікті әкімдіктің ұдайы бақылауында.

Сонымен қатар 7 ақпаннан бастап, Қазалы ауданының «Ойынды» елді мекені тұсындағы «Мирас» кешеніне 135 жүк көлігі мен 35 жеңіл автокөлік тоқтатылды. Көліктерде 200-ге жуық адам бар. Жол полициясы қызметкерлері жолдың жабық екенін түсіндірді. Наразылық жоқ.

Аудан әкімдігі кешен басшылығымен келіссөз жүргізіп, жолаушыларға тамақ арзан бағамен берілуде. Дәрі-дәрмек, ауызсу тегін үлестірілді. Азық-түлік қоры жеткілікті. Балалы жолаушыларға кешеннің қонақ үйінен тегін жатын орындар дайындалды, кезекшілік қойылған.

Тек Арал, Қазалы ғана емес, барлык аудандарда жолаушыларға аудан әкімдіктері тарапынан тиісті көмек көрсетілуде. Жағдай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей бақылауында. Боран басылып, жағдай тұрақталған соң автокөліктерге жол полициясы жол бастап, сапарын жалғастырады.

«Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы өңірде 10 ақпан күндіз -2-ден -7-ге дейін, түнде -5-тен -10-ға дейін түсетінін, ал Ақтөбе облысында 12-14 ақпанда облыстың басым бөлігінде, 10-11 ақпанда өңірдің оңтүстігінде қар, бұрқасын, көктайғақ күтілетінін хабарлады.

– Облыс тұрғындарынан автокөлікпен ұзақ сапарға шықпауын сұраймыз. Елді мекендерден тыс сапарды жоспарлағанда, ауа райы болжамына құлақ асу керек. Құтқару қызметінің SMS-хабарламаларын елеусіз қалдырмаңыздар. Жолдардың жабылуы немесе ашылуы туралы «Darmen» мобильді қосымшасынан немесе Төтенше жағдайлар департаментіндегі 55-10-76 қауырт желі арқылы білуге   болады, – дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нұрсұлтан Ибрагимов.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<