«Шымкент-Самара» тас жолының 1397 шақырымында Арал ауданы Аралқұм елді мекенінің тұсында жол-көлік оқиғасы болды. Оқиға дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен (Автомобильді басқаратын адамның жол жүрісі қағидаларын бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Апат салдарынан 8 адам көз жұмды. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Қайғылы оқиғаға байланысты облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Facebook парақшасы арқылы көлік жүргізушілерінен жол үстінде сақ болуды сұрады. Онда былай делінген:
«Қадірлі жерлестер және облыс қонақтары! Кешелі бері Қызылорда облысының территориясында ауа райы күрт өзгеріп, күн борап, біресе жаңбыр, біресе қалың қар жауып, жер көктайғақ болуда. Соның салдарынан Арал ауданы аумағында жол-көлік апаты орын алып, бір сәтте бірнеше адамды қайғылы жағдайға душар етіп отыр. «Қазавтожол» мекемесі осы күндері тазалау жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Дегенмен, ауа райы сәт сайын құбылып тұр. Сондықтан, көлік жүргізушілерінен жол үстінде қауіпсіздік сақтап жүруді сұраймын. «Сақтансаң – сақтармын», – деген. Аман жүріңіздер!»
Өңірде ауа райының қолайсыздығына байланысты облыстық комендатура жүргізушілерді жылдамдық мөлшерін арттырмай, жолда жүру ережесін сақтауды сұрайды. Қажетті арақашықтықты ұстап, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жол ережесін қатаң түрде ұстану қажеттігін ескертеді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<