Елбасының жаңа Жолдауы халық арасынан қолдау тапқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспетті. Жаңа мазмұн мен тың бағыттармен толыққан «Ауыл – ел бесігі» жобасы, әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейтетін «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестіктері қоғамдағы жаңғыру үдерісіне зор серпін беретіні анық. Мәдени-рухани мекеме ретінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі Жолдаудың «Өз жеріңді танып біл!» атты жаңа бастамасы аясында «Ауылға жол» жобасын ұйымдастырды.
Қаладағы №6 орта мектеп оқушылары жоба шеңберіндегі шараның алғашқы қатысушылары болды. Облыстық музейдің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің ұйымдастырған экскурсиялық саяхаты балаларға ауыл тіршілігімен танысуға мүмкіндік берді. Оқушылар арасында «Зымыран» ойыны өткізілді. Балалар ауылдың тұрмысымен танысып, жылқы шаруашылығымен айналысатын «Абай» шаруа қожалығына барды. Ұлдар тай ұстап мініп, қыз балалар бие сауған әже-апаларына қолғабыс етті. Саяхат барысында төрт түлікке байланысты мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерден топ арасында жарыс ұйымдастырылды. Лиро-эпостық жырлардағы батырлар арғымақтарының есімдері еске түсірілді. Ауыл тұрмысына байланысты бұйымдар аталып, атқаратын қызметтері балаларға көрсетілді.
Жеткіншектерге ауылдың тұрмыс-тіршілігін, кәсібін таныстырып, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, мал шаруашылығына қатысты ырым-тыйымдарды көрсетуді мұрат тұтқан жобаның алғашқы шарасы нәтижелі болды.
«СБ» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<