Жолдау міндеттері жүзеге асуда

310

0

Жаңа жылдан бастап 6 кәсіпорында жалақысы төмен 600-ге жуық қызметкердің еңбекақысын көтеру жоспарланды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бағынысты ұйымдарды оңтайландыру бағытында денсаулық сақтау саласының 3 аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансері облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне біріктірілді. Ал «Қорқыт ата» әуежайы АҚ жекешелендіру нысандарының тізбесінен алынды.

Жыл басынан 39 млрд 203 млн теңгенің 192 конкурсы ұйымдастырылып, 2 млрд 68 млн теңге үнемделген.

Аймақ экономикасындағы осындай жаңалықты өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте үш бірдей мекеме басшылары айтты.

Атап айтқанда: облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрғали Қордабай, облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Ринат Құдайбергенов, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Жанзира Ерсейітова Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттердің жүзеге асуы бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысын баяндады.

Жолдауда айтылған міндеттің бірі – төмен жалақы алатын жұмысшы еңбекақысын көтеру болатын. Бұл ретте басқарма басшысының міндетін атқарушы Н.Қордабай жалақыны көтеру бойынша ірі және орта кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын, нәтижесінде 2019 жылдың қаңтар айынан бастап 6 кәсіпорында 600-ге жуық қызметкердің еңбекақысын көтеру жоспарланғанын мәлімдеді.

– Сонымен қатар өңіріміздегі бюджеттік мекемелерде жұмыс іс­тейтін 25 мыңнан астам қызметкердің еңбекақысын көбейту үшін респуб­ликалық бюджеттен трансферттер бөлу есептемелері келісілді. Ал, қоғамдық жұмысқа тартылатын 6400 аз қамтылған азаматтардың қаржысын ұлғайтуға қосымша қаражат іздестіру жұмыстары жүргізілуде,– дейді ол.

Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бойынша жыл басынан бері өңірімізде 10605 жаңа жұмыс орны құрылған, жоспар 10070 жұмыс орны болатын.

Елбасы тапсырмасына сәйкес, бағынысты ұйымдарды оңтайландыру бағытындағы жұмыстарды облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Р.Құдайбергенов  атап өтті. Бүгінгі күнге денсаулық сақтау саласында 3 аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансері облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерге біріктірілген. Сондай-ақ облыстық психикалық денсаулық орталығын облыстық наркология орталығымен біріктіру туралы қаулы қабылдануда. «2019 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген Қызылорда облысының денсаулық сақтау ұйымдарын дамытудың перспективті жоспарына сәйкес, облыстық тері-венерологиялық диспансері, онкологиялық орталығы, жұқпалы аурулар ауруханасын қалалық ауруханасына біріктіріп, облыстық көпсалалы аурухана құру жоспарлануда» дейді басқарма басшысының орынбасары Ринат Құдайбергенов.

Мұнан бөлек, келер жылы мәдениет саласында мұражай, кітап­хана, мұрағаттарды және орман шаруашылығы, ветеринария саласының ұйымдарын біріктіру пысықталуда.

Жекешелендіру бойынша өңірімізде жекешелендіруге жататын 15 нысанның тізбесі бекітіліп, жүйелі жұмыс жүргізілсе, оның ішінде бір нысан – «Қорқыт ата» әуежайы АҚ ҚР экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2018 жылғы 3 мамырдағы шешімімен жекешелендіру объектілерінің тізбесінен алып тастау туралы шешім қабылданған.

 Брифингте облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Жанзира Ерсейітова бұл салада ашықтықты қамтамасыз ету басты назарда екендігін және мамандар біліктілігін арттыру қамтамасыз етілгенін атап айтты. Басқарма басшының айтуынша, жыл басынан 39 млрд 203 млн теңгенің 192 конкурсы ұйымдастырылып, 2 млрд 68 млн теңге үнемделген.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<