Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты елдің ендігі даму бағытын айқындап берді.
Күрделі кезеңде мемлекеттің экономикалық әл-ауқаты мен денсаулық жағдайы бірінші кезекте тұрғаны белгілі. Осы орайда ел Президенті отандық фармацевтиканың жағдайын одан әрі жақсарту керегін, дәрігерлер жалақысының алдағы уақытта екі-үш есеге дейін өсетіндігін мәлімдеді. Ақ халатты абзал жандардың маңдай тер, адал еңбегінің өтеуі болуы керектігін ерекше атап өтуі, зейнетақы салымындағы қаржының белгілі бір бөлігінің алдағы жылы салымшыға берілетіндігі де көңіл қуантты. Сапалы білім берудегі игі істердің әрі қарай да жалғасын табуы керегі туралы Үкіметке нақты тапсырмалар берді.
Мемлекеттегі осындай маңызды жұмыстардың барлығы ел ішінде берік тәртіп орнап, кәсібіне деген адалдық болғанда ғана орындалатыны белгілі. Осы орайда ел басшысы стратегиялық құжаттың сегізінші тарауында, яғни, «Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау жолында» ештеңеден аянып қалмау керектігін жеткізді.
-Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Жемқорлық фактілерінің әлі күнге дейін тиылмай келе жатқандығы ешкімнен жасырын емес. Бұған шектеу мен тоқтам болмаса, елдегі ахуал еш уақытта жөнделмейді. Өйткені жақсылықтың өзін пайдасы үшін жасайтындар тиылмайынша, бір-бірімізге деген сенімнің болмауы – ащы да болса шындық. Осы орайда Президенттің «…сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санаймын. 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек. Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз қажет» деуінің өзі сенімге күш ұялатады.
Тәуелсіздіктің туын желбіреткен әр қазақстандық үшін Жолдау – жаңа бір белес баспалдағы. Ал оны әрі қарай дұрыс ұғып, жандандыру, дұрыс бағыттап, халық игілігіне жаратып, жұмыла жүк көтеру – әрқайсысымыздың міндетіміз деп білмек керек.
Галия СУЛТАНОВА,
Облыстық әділет департаментінің
филиалы Арал ауданаралық сот актілерін
орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің
басшысы-аға сот орындаушысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<