Жолдау жүгі һәм жауапкершілік

718

0

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айқындалған міндеттерді талқылауға арналған актив жиыны өтті.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен актив отырысына қала әкімі, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым және қоғамдық ұйым мен БАҚ өкілдері қатысты. Аудан әкімдері онлайн байланыс арқылы қатысу мүмкіндігіне ие болды. Жиынды ашқан аймақ басшысы бұл Жолдаудың мән-маңызы айрықша, арқалайтын жүгі салмақты, мазмұны бөлек екеніне тоқталды. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар, ішкі-сыртқы саясат, қауіпсіздік мәселелері айқындалғанын айтты.

– Мемлекет басшысы саяси реформалардың он бағытын нақтылап берді. Бірінші – Президенттің өкілеттілігі туралы. Мемлекет басшысы суперпрезиденттік басқару Парламенті бар жолға көшуді айтты. Осы орайда күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қағидаты басшылыққа алынады. Президент конституциялық кеңес, есеп комитеті, орталық сайлау комиссиясы партиядан тыс болады деді. Облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары партия филиалдарын басқармайды. Екінші – өкілді билік тармағын қайта құру.

Енді Президенттің өкілеттілігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлі айтарлықтай артатын болады. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғыры нығаймақ. Үшінші – сайлау жүйесін жетілдіру. Саяси жүйенің басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Осы орайда Мемлекет басшысы Мәжіліс, мәслихат сайлауларына партияда жоқ азаматтардың да қатысуына мүмкіндік беріп, аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды, – дей келе облыс әкімі Президент нақтылап берген бағыттардың барлығына тоқталып, саралап берді.

– Жолдауда сондай-ақ, Президент парламенттің рөлін көтеру, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, сайлау процесі бойынша нақты тапсырмаларды міндеттеді. Біздің аймақта биыл 22 ауылдық округ әкімінің сайлау науқаны ұйымдастырылады. Оның ішінде  27-наурызда  3 ауылдық округ әкімі сайланады.  Президент алдағы уақытта  елімізде жаңадан 3 облыстың құрылатынын айтты. Жолымыз түйісетін Жезқазған қаласы енді Ұлытау облысының орталығы болса, Сыр өңіріне де экономикалық жағынан оңтайлы болады деп санаймын. Осы ретте келесі айда басталатын «Қызылорда-Жезқазған» тас жолының құрылысы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біздің алдымызда өңіріміздің дамуы үшін дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шараларды шешудің тиімді тетіктерін қарастырып, жүзеге асыру міндеті тұр. Оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен көктемгі егін егу жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз қажет, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.    

Облыс әкімі жиын барысында орынбасары Бахыт Жахановқа азық-түлік тауарлары бағасының шарықтауына, оның ішінде қант бағасының спекулятивті өсуіне байланысты барлық делдалдық схема аясында тексеру жүргізуді жүктеді. Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстары мен егін егуге қатысатын ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, қажетті тұқыммен, минералды тыңайтқыштармен, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, су алу науқанына дейін су тартатын насос қондырғыларын алу жұмыстарын пысықтауды тапсырды.

Тағы бір міндет – БАҚ әлеуетін көтеру. Өңір басшысы осы салаға жетекшілік ететін орынбасары Қайрат Нұртайға журналистер арқылы өңір тарапынан салалық министрлікке БАҚ туралы Заңға өзгеріс енгізуге ұсыныс жолдауды тапсырды. Сондай-ақ, облыстағы азаматтық қоғамды дамыту үшін жүйелі және кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, мемлекеттік этносаясатты жетілдіру мақсатында қоғамдық құрылымдардың қызметін өзектендіруді жүктеді.

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жергілікті мәслихаттардың рөлін күшейту, қоғам ішінде саяси мәдениеттің қалыптасуына негіз болатын сарапшылық көзқарастағы азаматтармен бірлескен шараларды іске асырудың өзекті екеніне тоқталды.

– Заң шығару құқығы тек Мәжілісте болуы, халықтың заң шығару процесіне қатысуын күшейтеді. Жолдауда азаматтардың билік өкілдеріне деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән беру қажеттігі көрсетілді. Мәслихаттардың өңірлік рөлін арттыруда мәслихат төрағасы лауазымын енгізуді ұсынды. Облыс және республикалық маңызы бар қала әкіміне кем дегенде екі кандидатураны баламалы заңдық негізде ұсынуды  ортаға салды. Бұл бір жағынан әкімді таңдауда халық пікірінің ескерілуін жүзеге асырады. Сайлау үрдісіне пропорционалды және мажоритарлы  жүйенің енгізілуі саяси аренада бәсекелестіктің дамуына жаңаша мүмкіндік беріп, жаңа саяси ойыншылардың аренаға шығуына ыңғайлы болады. Сайлауалды уәделерін орындамаған үшін мандатты кері қайтару процесі депутаттардың жауапкершілігін арттырады. Бұның барлығы қоғам үшін де саяси мәдениеттің жаңғыруына жол бастайды, – деді мәслихат хатшысы.

Актив отырысында облыстық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда журналист мәртебесін көтеру, медиаөнімдердің сапалық құрамына талдау жасау жұмыстарын жетілдіру бағытында ұсынысын ортаға салды.

– Жолдауда «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс» деді Мемлекет басшысы. Мәселен, біз әлі күнге дейін ресейлік ақпараттық экспансияның ықпалындамыз. Бір ғана мысал, Украинадағы жағдай туралы АҚШ, Қытай ақпарат көздері не таратып жатқанын білмейміз. шын мәнінде, алыс-жақын мемлекеттердің біз туралы не айтып, не ойлайтыны белгісіз. Егер еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігі БАҚ-қа тікелей байланысты десек, онда бірқатар мәселелерге назар аударуға тура келеді, – деді Аманжол Сақыпұлы. Сондай-ақ, ұлт мүддесі үшін жұмылдырылған істе бұқаралық ақпарат құралдарының орасан зор күшке ие екеніне баса назар аударды. Қазіргі қоғамның фейсбукшылар мен блогерлерді ажырата алмай қалғанын да ашық айтты.

Шын мәнінде біздің қоғам фейсбукшылар мен блогерлерді ажырата алмайды. Блогер дегеніміз кім? Блог дегеніміз желі журналы, не оқиға күнделігі, не онлайн күнделік деген мағына беретінін ескерсек, блогер күнделікті жүргізушілер, желі жетекшілері деген сөз. Әлеуметтік желінің ішінде фейсбук кеңінен танымал бола бастаған кезде блог та, блогер де түсініксіз болып кетті. Өйткені әлеуметтік желі қолданушыларының бәрін блогер деуге келмейді. Желі қолданушыларының көздейтіні тапсырыс орындау, бопсалау екенін, дәстүрлі баспасөзді өздеріне бәсеке көретінін, интернетті қолдану тәртібі мен этикасын сақтай бермейтінін де ескеру қажет. Алдағы уақытта қабылданатын заңда қоғамды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істемеу, көлеңкелі қаламақы үшін саяси топтардың діни ағымдардың астыртын тартысына қатыспау және бұл үшін жауапкершілікке тартылу, әлеуметтік желіде белсенді, өзін азаматтық журналистиканың қатысушыларымыз деп санайтын барлық желі қолданушыларына да орнықты ұстаным керек. Қоғамдық диалогтың біртұтас моделін және әралуандығын қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі артпаса кемімейтіні анық.

– Жаңа заңда екі бірдей бөлім қосылады деген сенімдеміз. Оның бірі – журналистің әлеуметтік мәртебесі, екіншісі қаламақы төлеу мәселесін реттеу. Жасыратыны жоқ, бүгінде  журналистер мемлекеттік қызмет не бюджет қызметкері, не басқалай да әлеуметтік санатқа кірмейді. Ешқандай әлеуметтік категорияға жатпайтындықтан олардың баспана алу мәселесі де әлі күнге дейін шешіліп жатқан жоқ. Қаламақы дегенде біз өткеннен нені пайымдаймыз? Бір кітаптың қаламақысына ауылынан бір мектеп салдырған  жерлесіміз, жазушы Қалмахан Әбдіқадыровтың мысалы сөзімізге дәйек болады. Қаламгерлер еңбегі құрметтелген уақытта қазақта мықты шығармашылық иелері қаймақтай қалқып шықты. Өйткені шынайы шығармашылық бағаланды. Біз осындай өткен үрдістен сабақ алуға тиістіміз, – деді А.Оңғарбаев. Сондай-ақ, қабылданатын БАҚ туралы заңда журналистің этикалық-құқықтық нормаларымен қатар оның жеке басын, отбасы мүшелерін қорғайтын бап болу керектігіне ұсыныс білдірді. Кәсіби журналистер үшін жауап беруге асықпайтын құзырлы органдардың интернеттегі имидж үшін ұстайтын мамандарының әлеуметтік желіде көтерілген қандай да бір мәселеге бас-аяғы бірер минуттың ішінде жауап беріп, бәйек болып жатуы ақпараттық алалаушылық тудыратынын да жасырмады.

Жиын барысында «Dalatex» ЖШС директоры Дінмұхамед Абызов мемлекет пен бизнес, мемлекет пен халық арасында конструктивті диалог орнатудың оңтайлы әдістеріне көңіл бөлудің қажеттілігіне тоқталды. Ал, неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі Светлана Крюгер өңір дамуына тың серпін беретін бастамаларды бірлікпен атқаруға әрбір азаматтың белсенділігі керек екендігін тілге тиек етті.

– Мен неміс ұлтының өкілімін. Жанерке, Жансая есімді екі қыздың анасымын. Менің отбасым үшін Тәуелсіз Қазақстаннан басқа Отан жоқ. Сондықтан ұрпағымның болашағы жарқын болғанын қалаймын.  Ең бастысы, біз халықтың бірлігі мен елдің тәуелсіздігін көздің қарашығындай сақтауымыз керек, – деді ол.

Мұнан соң, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Жандос Базартай жастар үшін нақты іске негізделген жобаларды елмен етене араласуға сеп болатын алаңдарда талқылаудың маңызы зор екенін жеткізді.

– Бүгінгі жас буынның көзқарасы айқын, білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты қалыптасу үстіндегі азаматтар. Қазіргі жастардың креативті ұсыныстарын, жаңа, тың жобаларын белсенді жүзеге асырсақ біз бірнеше есе қарқынды еңбек етіп, нәтижеге жете аламыз, – деді ол.

Актив отырысының соңында облыс әкімі Жолдауда жүктелген міндеттерді сарапшылық ортада талқылап, сындарлы диалог орнатуға шақырды. Сондай-ақ, Президент тапсырмаларын сапалы әрі нәтижелі жүзеге асыруда әрбір азаматтың жауапкершілігі Жаңа Қазақстанның жаңғыруға жол ашатынын еске салды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<