ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында жүктелген тапсырмаларды орындау мәселесі қаралып, Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды.
Сондай-ақ, жиыннан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмаларын орындау жөнінде мәжіліс өткізіп, Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының өңірде тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін Өңірлік іс-шаралар жоспарын қабылдау қажеттігін атап көрсетті.
Мемлекет басшысының жолдауынан туындайтын міндеттер бойынша аудан әкімі Асқарбек Есжанов үкімет басшысының және облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бірқатар мәселелерге тоқталды.«Президент Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге ел экономикасын серпінді дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеп, оң нәтижеге қол жеткізуді тапсырды.
Облыс әкімінің қатысуымен өткен мәжілісте де Жолдаудан туындайтын міндеттер мен іске асырылуы тиіс жобалар арнайы талқыланды.Ендігі кезекте біз Жолдауда айтылған барлық бағдар бойынша нақты шаралар қабылдап, сапалы іске асыруға тиіспіз.Президент реформаларын іске асыруда Жалағаш ауданы ағаттық танытпау керек деп есептеймін.Бұл бағытта аудандық мәслихат депутаттары Президент Жолдауын насихаттау, тұрғындар арасында түсіндіру мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізу керек»,-деді аудан әкімі.
Бұл бағытта ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды әрі қарай жандандыру мақсатында тиісті шараларды қабылдап, сала бойынша жауапты орынбасарларға жолдауда айтылған тапсырмаларды үйлестіруді және қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Жолдауда ел Президенті қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу, сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет екендігін атап өтті.Ендігі кезекте, ауданның экономикасын әртараптандыру бағытында жаңа өндіріс орындарын ашу үшін ауданда іске асырылатын жобалар тізімін жасақтап, тиімді тұстарын зерделеп, аудан кәсіпкерлеріне ұсыныңыздар. Қажет болса сырттан жаңа инвесторлар тарту керектігі айтылды.
Аудандағы өнім өндірушілер базасын жасақтап, өндірілген өнімді насихаттау, ақпараттандыру жұмыстарын кеңінен ұйымдастыру, отандық өнім өндіруші кәсіпкерлерді қолдау мақсатында тапсырыс берушілермен офтейк келісімшарттар жасау үлесін арттыру бағытында тиісті жұмысты үйлестіру сала бойынша жауапты аудан әкімінің орынбасары Арнұр Әлібекұлына тапсырылды.
Аудан бойынша республикалық және жергілікті маңызы бар ескерткіштердің қазіргі жай-күйіне сараптама жасап, оқушылар мен жастар, тарихшылардан құралған туристік-экскурсияларды ұйымдастыру, жергілікті бизнес өкілдерін тарта отырып, еліміздің маңызды жерлеріне, ұлттық саябақтар мен қорықтарға аз қамтамасыз етілген отбасы мүшелеріне арналған туристік саяхат ұйымдастырудың мүмкіндіктерін қарастыру сала бойынша жауапты аудан әкімінің орынбасары Ғани Кенжеғараұлына жүктелді.
Жолдауда агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасап, ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін толық пайдалану қажет екендігін айтқан аудан әкімі, үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу міндеттелгендігін, бұл бағытта салық саясаты қайта қаралатын болатындығын айтты. Сала бойынша жауапты аудан әкімінің орынбасары Әліби Қодарұлы ендігі кезекте агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін арттыруға бағытталған жобаларды жеке бақылауға алып, сүйемелдеу шараларын үйлестіретін болады.
Президент Жолдауда «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтіп, бұл жобаның игілігін бүкіл еліміз көруі қажет екендігіне тоқталды.Осы ретте, «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншагүл Шоңмұрынқызы аудан тұрғындарына аталған жобаны толыққанды түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады.
Жолдауда жас ұрпақтың қауіпсіздігіне аса мән берілу керектігі және кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтілетіндігі айтылды. Осыған сәйкес, Жалағаш ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Талғат Құрақбайұлына және полиция бөлімінің басшысы Талғат Шоқанұлына кәмелетке толмағандар арасында зорлық замбылықтың алдын алу, болдырмау мақсатында барлық білім беру ұйымдарында ата-аналар, ұстаздар, оқушылар, студенттермен кездесулер ұйымдастыру қажеттігі айтылды. Аудан аумағындағы вандализм, тәртіпсіздік мәселесінің алдын алу, болдырмау бағытында тәртіп сақшылары үздіксіз, күшейтілген режимде жұмыс жасау керектігін ескертті.
Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтеріледі.
Осы мақсатта аудан бойынша жұмыссыздық деңгейін түсіру бағытындағы жұмыстарды жандандырып, тиісті облыстық басқармалармен бірлесіп, жүйелі жұмыс жасалатын болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<