1990 жылы Қызылорда пединститутында оқып жүрген кезім болатын. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында Рихтер бойынша 8 балға дейін жер сілкінісі болып, халық қатты зардап шекті. Рожков деген ауыл жермен-жексен болып кетті. Зайсандағы қираған ауылдарды қалпына келтіру үшін еліміздің әр аймағынан студенттерді көмекке алып барды.
Біз Өскеменнен түсіп, Ертісті кемемен кесіп өтіп, Приозерский деген селоға жеттік. Сол кезде 2-3 балдық жер сілкінісіне де куә болдық. Жер қозғалардан шамамен 30 секунд бұрын күңгірлеп дыбыс шығарады екен. «Бұл ауырдың астында қалып қоймаңдар» деген ескерту секілді. Сосын кәдімгі бесік секілді тербеліп кетеді, аяқ баса алмай, тәлтіректеп тіреніш іздейсің…
Менің әңгімем бұл да емес, әріден. Біз көмекте жүрген күннің бірінде приозерлік бір үлкен кісінің: «Мына елге көп көмек керек, бүгінгі күннен де Бобкин табылар» дегенін естідім. Ол кісінің айтып отырғаны біз елін тіктеп беріп кетерміз, белін кім тіктейді? Үй тұрғызылар қайтадан, күйі қайта келе ме? Айтпақшы ағайдан Бобкин деген кім деп сұрадым. «Біздің ел жақсысын іздемейді ғой, сендер жастар іздеңдер, оны», – деді ол.
Шынында Бобкин кім, бұл сұрақ менің ойымнан шықпады. Кейін ол кісі туралы деректерді там-тұмдап ғаламтор көздерінен көрдім.
Ауылдастарының ғана емес, қалың қыр қазағының тіршілік мұқтажын өтеген қажырлы қайраткер Бидахмет Бобкин есімі ХХ ғасыр басындағы ұлттық буржуазияның шоғырлы, әлеуетті тобының тізімінен табылады. Зайсан өңірі – қазақ даласының бір қиырында жатқан шалғай өлке әрі алпауыт Қытай елімен шекаралас аймақ. Бобкин 1867 жылы осы өмірге келген. Қаракесектің тұқымы Құнанбай әулетімен иық теңестірген ірі бай ретінде тарих бетінде қалған Бобкинді тарихшылар білсе де, қалың бұқараның біле бермейтіні шын.
Оның арғы аталарынан бері үзілмеген құтты дәулеті болмаған. Өз әке-шешесі де орташа тұрмысты жандар болып өмір кешкен. Ата-анасынан жастай айырылған Бидахмет Бәтима деген қарындасы екеуі өз күндерін өздері көреді. Байлардың жалшылығында жүріп, ауыр жұмыстарға жегілген. Тумысынан алғыр, зейінді пысық болып өскен бала Бидахмет қожайынның айтқан сөздерін екі етпей, адал орындап, көзге түседі, сеніміне ие болады. Қызметіне риза болған қожайыны жүре келе оған түрлі жұмыстарды сеніп тапсырады. Өз ісіне адал ол аз уақытта өз қалтасына біраз қаржы қорын жинай бастайды. Бай, дәулетті кісінің есігінде күн кешкен жалшы жігіт пысықтығы мен зеректігі арқасында іскер жігітке айналады. Аз уақыт ішінде өз сауда үйі мен дүкенін ашып алады. Ісіне адал қарап, сауда жолында арамдыққа бой алдырмауды парыз санайды. Сол себепті өз ортасына да жақсы пікір қалыптастырады. «Аққа құдай жақ» деп, бойын менменшілдік пен тәкаппарлықтан таза ұстайды.
Оның бойындағы осындай ізгі қасиеттерін білетін бай-бағландар айрықша бағалап, ерекше құрметтеген. Кәсібіне демеушілік жасап, көмек қолын созған. Сөйтіп, баяғы жалшы бала аз жылдар ішінде бағалы аң терісін өңдейтін сауда иесі болып шығады. Бұл саладағы алғашқы өндіріс ошағын ашқан да Бидахмет болса керек.
Сауда көрігі қызған Бобкин тек Зайсан өңірінде ғана емес, жыл сайын өтетін Ресей аймағындағы Нижгород жәрмеңкесіне қатысып отырады. Ресейлік көпес Морозовпен тығыз іскерлік байланыс орнатады. Кәсіпкер Морозовтар Бобкиннен бағалы аң терісін сатып алатын. Ал Бидахмет олардан ел тұрмысына қажетті тауарларды алып, ауыл-аймақтағы жоқ-жітіктің мұқтажына жаратқан. Тауарға қаржысы жетпеген жағдайда көпес Морозов оған сұраған затын еш кепілдіксіз қарызға беретін болған. Бұл – адал сенімнің күші. Бидахметтің адалдығына, іскерлігіне сенетін Морозовтар әулетінің осы әрекеті «саудада достық жоқ» деген таптаурын қағиданы жоққа шығарғандай. Араға жыл салып жәрмеңкеге келген Б.Бобкин қарызын ұмытпай, тіпті артығымен қайтарып беріп кететін дағдысынан жаңылмапты.
Бидахмет атамыз сауданы баю жолына қойған саудагер емес-ті. Ол өз заманында ислам парызын адал өтеген жан ретінде зекет беруші, жомарт, сақи адам болған деседі. Осы әрекеті арқылы қарапайым халықтың ықыласына бөленген. Қолындағы барын ел азаматтарымен бөліскен. Киім-кешек, азық-түлік, әртүрлі тұрмысқа қажетті заттарды ауыл кедейлеріне, қыр қазақтарына таратып отырған. Кей деректерде ауылдағы кедей-кепшіктің 23 баласын киіндіріп, тамақпен қамтамасыз еткен деп келтіріледі. Адам жанының шаттанып, қуанышқа бөленуінен алған рахаттан артық не бар?!
Бидахметтің Зайсандағы сауда үйі мен дүкенінде қыр қазақтары жұмыс істеген. Тек адал, сенімді, ұрлықтан, сұғанақтықтан таза жігіттерді жұмысқа алған. Оларға кәсіп, сауда жасаудың қыр-сырын үйреткен. Бобкин ұрлық қылмай, шын, таза ниетпен қызмет еткендердің еңбегін бағалап, ақыларын жоғары көтеріп, сыйақымен марапаттап отырған.
Осындай жақсылықтың жаршысы, мейірімді Бобкин еш жерде оқымаған, сауат ашпаған. Десе де, жасынан сауда жілігінің майын сорған жігіт орысша тіл сындырып, өз бетінше хат таныған. Саудаға қажетті ең қарапайым арифметикалық амалдарды меңгерген. Өзінің білім ала алмағанына өкініп, балаларының сауатты болуына көп көңіл бөлген. Оқудағы қыр қазақтары мен кедей балаларының білім алуына атсалысып, қаражат құйып отырған. Ел ішінде, орталықтан шығатын ақпарат құралдарын қолдап, қаржы аударған. Сөзіміздің дәлелі ретінде «Айқап» журналының 1912 жылғы №14 санындағы «Зайсан қазақтары мектеп салуға қаржы жинау шараларын ұйымдастырды. Дәулетті кәсіпкер Бидахмет Бобкин бұл шараға 500 сом бөлді» деген сөздерді келтірсек те жеткілікті.
Білімге деген ынтызарлық Бидахмет байдың бойынан еш өшпеген. Семей өңірі бойынша алғашқы ұстаздардың бірі, өз заманының белгілі жазушысы Тайыр Жомартбаевты аттай қалап, Зайсан қаласына алдыруы – оның осы білімқұмар ісінің бірі.
Бобкин өзіне мұқтаждықпен келгендердің ешқайсысынан да көмегін аямаған. Біріне оқу ақысын, енді біріне Зайсаннан Семейге пароходпен жүруі үшін жолақы төлеген. Кедей балаларына қажетті заттарды алуға ақша беретін және тағы да көптеген игілікті істерге мұрындық болған.
Халық басына, Алаштың зиялы қауымына келген зұлмат Б.Бобкинді де айналып өтпеді. 1937 жылы Қиыр Шығыстағы Ворошиловград қаласына этаппен айдалып бара жатқан жолда қайтыс болады. Бұл дерек жиені Х.Адамқызының аузынан алынған. «Мен қайтыс болған соң, кедейлерге садақа беруді ұмытпа» деп ол нағашы атасының өсиет қалдырғанын да айтыпты.
Асып-тасқан дәулетінің арқасында «атың барда желіп жүріп, жер таны» дегендей, Б.Бобкин Ресейдің Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Түмен секілді қалаларын аралап, тамашалаған. Сол сапарда өзімен бірге үлкен қызы Айшаны да ерте жүрген. Алғашқы некелі жары Халимадан Айша, Хадиша деген екі қыз көрген. Ал екінші әйелі, көпес қызы Гүлсім Мусинадан Құсайын, Әнуар, Нұрым, Талғат, Сара, Ғалия, Ғайния, Фатима атты сегіз перзентті болған.
Міне, бір сәт тарих қойнауына сүңгісек, талай арыстарымыздың халқы үшін жасаған игі істері теңіз түбінде жатқан маржандай алдымыздан жарқырап көрінеді.
Тарихта тақыр кедейліктен мол дәулетке қол жеткізген табысты жандарға қатысты түрлі оқиғалар кездеседі. Көбіне оқып тамсанып жататынымыз әлемді мойындатқан шетел байыкештері. Мұндай адамдар біздің төл тарихымызда да көп болған. Соның бірі – біз айтып өткен Бидахмет Бобкин. Асылдарымызды аршып зерттеуге жалқаумыз, көбіне белгілі тұлғаларға қарай тарта береміз, өйткені, оларды зерттеу оңай.
Біздің түрлі дерек көздерінен түртіп алған бүгінгі мақаламыз осы олқылықтың орнын аз да болса толтыра тұрар.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





