Шіркін-ай, шіліңгір шілденің апшыңды қуырар қырық бес градус аптабында көгілдір көлге күмп берер ме еді… Айдыны Күнге шағылысып, күлімдеп жататын көлге ше…
Көл болғанда түбі лайсыз қайыр құм болса… Бірте-бірте тереңдеп, одан әрі жайпақ табанданып, едәуір жүзіп барған жерің салқын тартып, денеңе жайлы тисе… Беті жыбырлап қана жатса… Күміс сәулелер көзді алдап, құйқылжып мың құбылса… Жасыл желек, тал-терек суды жағалай көмкеріп тұрса… Тал-теректің саясын паналаған құстар алаңсыз әнін салып, сайрап отырса… Бір ғажап кәйіп-күй көкірегіңді дамылсыз тербей берсе…
Осындай бір көл көргенім бар еді. Бұдан отыз жыл бұрын. Онда мен жиырма бес жастамын. Жалындап жүрген жас шағым. Көл Қызылорда қаласының сыртында, әуежай жақ бете-тұғын. Дарияның бір иінінде. Дария суы лақылдап дамылсыз құйылады да жатады. Оймақтай ғана шағын, әдемі көлшік. Арғы жағалау мен бергі жағалау арасы көз шамамен үш жүз, төрт жүз метр боп қалар. Осынау көлде шомылған күн естен кетпейді. Мезгіл онда да шілде еді. Онда да дүние лап етіп, тұтанып кетуге шақ тұрған.
Облыстық телекомпанияның редакторымын. Түсірілімнен қайтып келе жатқанбыз. Тақымда компанияның жеңіл автокөлігі. Мен, телеоператор, жарық түсіруші және шопыр. Төртеуміз. Телеоператор, сірә, Төремұрат болар. Төремұрат Әлжанов. Әлде Еркін ба екен. Жоқ, Төремұрат. Анау екеуінің атын ұмыттым. Түс ауған мезгіл. Бірақ аптаптың пәті қайтпаған. Жұмысымызды бітіріп, үлкен бір телехабардың, жаңалықтар үшін бірнеше сюжеттің түсірілімін сәтті орындап, жолымыз оңғарылып, көңіліміз көтеріліп қайтқан бетіміз. Ертең жексенбі. Демалыс. Қайда асығамыз. Жолда дүкенге соғып бірер шөлмек сатып алдық. Сөмке толы ішіп-жем тағы бар. Шопырға деген кола-мола, сок-мок бөлек пакетте. Енді соны қайда барып ішеміз деген проблема туындасын.
– Мен сендерді бір жерге апарайын, – деді шопыр ағай жымың-жымың күліп.
Тартып кеттік. Шопыр ағай жықпыл-жықпыл тоғайдың тар жолымен әлгі біз білмейтін көлге алып келгені. Жағалауы жайпақ, көк майса. Түкті кілемнің үстімен келе жатқандайсың. Табан асты былқ-былқ етеді. Жұп-жұмсақ. Жиде тоғай көлге ентелей өскен. Көлеңкесі көлге қарай ұзара түсіп тұр. Алдымызда айнадай жарқырап аппақ айдын жатыр. Ту-у, қандай тамаша! Мұндай да сұлулық болады екен! Көлеңкелеп отырып, шөлмектегі сиқырлы судан жұтып қойып, ауық-ауық көлдің мөлдір суына күмп беріп түсіп қайтып, даурығып сөйлеп, бірімізді біріміз мақтап… жайланып отыруға ыңғайлы-ақ. Көл маңында тірі жан болса не дейсің. Өзіміз ғана. Сірә, экологиясы асқынып тұрған Қызылорда маңында мұндай шап-шағын ұжмақ барынан ел бейхабар.
– Қалай? – дейді шопыр ағай масаттанып.
– Қалай болатын еді, ғажап!
Дереу қоржын-қолабамызды тасып әкеп жатырмыз. Жарық түсірушінің прожекторы салынған әйдік шабаданды ортаға әкеп қойып, соны айнала жайғастық. Шабадан үстінде шишалар. Сексеуілдің шоғына балқып піскен қойдың еті, Солтүстік мұзды мұхиттың түбінен ауланған шабақ кәнсербісі, халал галбаса, қызарып піскен таба нан, жеміс-жидек, басқа да сусындар. Сыймай тұр.
Жөпелдемелетіп бірер дүркін сілтеп жіберген соң, үстіміздегі киімді сыпырып тастап көлге жүгірістік. Қойып-қойып кетістік. Шіркін, су-ай! Мөп-мөлдір. Табаны құм қайыр. Ылайдан ада. Құлашты кере тастап, лып-лып жүземіз. Тереңге сүңгиміз. Тереңде су салқын. От боп өртенген денеміз адам айтқысыз рақатқа кенеледі. Шілденің рақаты деген – осы.
Осынау көлдің барын ешкімге айтпайық деп келістік нән шабадан басына тағы бір жиналғанда.
Шопыр ағай мен жарық түсіруші баланың місе тұтқаны – кола-мола. Біз сияқты тасып-төгілмей сабырлы отырғаны содан. Ауық-ауық ентелей жүгіріп, өмірі көл көрмегендей, су кешіп кетіп жүрген Төремұрат екеуміз. Балық сияқтымыз. Судан шыққымыз келмейді. Сүңгиміз. Қайқаң етіп қайта көтерілеміз. Сақ-сақ күлеміз. Өңге дүниені ұмытқанбыз. Бір мезет сықылық қаққан сүйкімді күлкі төгіліп бір бергені. Арғы жағалау жақтан. Елеңдеп қарай қалсақ… о ғажап, өз көзімізге өзіміз сенбейміз… тіпті бұндай кереметке кезігеміз деп ойласақшы… біз күтпеген жай… әлде бағымыз… әлде сорымыз… сымдай тартылған… құлын мүшелері бұзылмаған… балғын денелері әппақ… бұрымдары арқасына құлаған… екі қыз… көлді кешіп, біз жаққа беттеп келеді. Біреуінің төстартқышы мен трусиі қып-қызыл, екіншісінікі көкпеңбек. Әуелі суды тізеден кешіп келе жатыр еді, енді бірте-бірте кіндіктен асып, кеуделерін шөп-шөп сүйерге жетті. Сол кезде мөлдір суға құлай-құлай кеткен олар көлдің бетін шолпылдатып жүзе жөнелісті. Су оларға да жақты сірә, рақаттана саңқ-саңқ еткен күлкі аралас үндері көлге сән беріп, алысқа тарап жатты. Бізге қарап қолдарын құлшына сермеп қояды. Ойда жоқта екі жігітті ұшырастырып олардың да қуаныштары қойындарына сыймай бара ма қалай? Бізде тіпті ес қалмаған. Үздіге қараймыз. Шын ба, өтірік пе? Көзімізді уқалап-уқалап жіберіп, қайта сүзілеміз. Жоқ, рас, сылқым сұлулар көл бетінде алаңсыз ойнақ салып, мәз-майрам. Бізге қолдарын бұлғайды. Шақырғаны ма? Мінсіз мүсіндерін-ай… Еріксіз тамсанасың… Мықындары ше, мықындары… Аш белдерін айтсай… Тіп-тік төстерін айтсай… Жаратқан менің семіз қыз көрсем, тітіркенетінімді біліп, аңсарымды әдейі жіберіп тұрғандай. Бір сәт аққудай керілген әппақ қыздар трусилері мен төстартқыштарын шешіп алып, біз көрсін дегендей бұлғап-бұлғап лақтырды аулаққа. Анадан жаңа туғандай жалаңаш қалпы қос қолдарын тік сермей көл бетінен қалт көтеріліп, суға қайта сүңгіп, ғайып болысты. Біз екеуміз, судан басымыз ғана көрініп, көзіміз алақ-жұлақ етіп, қайтерімізді білмейміз. Анадайдан әппақ жондары суды сызып барып көрінгенде ғана ыржалақтай беріппіз. Бірі қызыл, екіншісі көк, екі труси көл бетінде қалқып жүр. Оны көрген біздікі не тұрыс, біз де жалма-жан ышқырға жармасып, жанталасып жатырмыз. Олар лақтырғанда біз лақтыра алмаймыз ба? Лақтырғанда қандай! Лақтырамыз! Біз тіпті алысыраққа лақтырамыз! Бұлғап-бұлғап! Көрсетіп…
Құлшына құлаш сермеп арғы бетке, қыздар жаққа қарай жанталаса жүзе жөнелдік. Асығыспыз. Тезірек жеткіміз келеді оларға. Тезірек ойнап-күлуге асықпыз… Тезірек құшсақ дейміз… Есіл дертіміз сол жақта.
– Мен қызылына барам, сен көгіне бар, – деп Төремұрат жүзіп келе жатып алқына айқайға басады.
Қызылы қайсы, көгі қайсы, бұл кезде айыра алмайсың.
Көлдің ортан белінен асқанда байқасақ, екі қыз жағалауға жақын қалыпты. Енді олар жүзуді қойып, суды кешіп барады. Сол лыпасыз жалаңаш қалпы. Әдейі қызықтырғысы келе ме, сылаң қаққан жүрістерін жасырмайды. Сөйтіп бара жатып, айналайындар, соңдарынан салып ұрып, жанұшыра жүзген бізді ескерусіз қалдырмай қолдарын бұлғайды. Келіңдер, тезірек жетіңдер дегендері-ау… Сықылықтай күлгендері құлағымызға жағып барады. Енді Төремұрат екеуміз моторлы қайықтан бетер зымырай жүземіз. Маңайымызға мың-милион мөлдір моншақ шашыратып қалай жылдам жүзгенімізді, әттең, біреу-міреу көрмейді-ау! Мың-милион мөлдір моншақ арасынан екі бикештің ағараңдап шалынған мүсіндері сұмдық әдемі. Әне, енді ол екеуі тоғайға сіңіп барады. Бізді тоғай ішінде күтейін деген екен ғой деп ойлап қоям. Артынша құлағыма жылқының кісінеген дыбысы естілгені. Басымды көтеріп жалт қарасам, тоғайдан екі жорға ат билеп басып шығып келеді. Екі жорға үстінде екі сұлу. Жалаңаш сұлудың жорға мінгенін көргенің бар ма? Ондайды көруге де көз керек. Жайдақ мінген. Жүген салмаған. Әдемі сирағын артқа созыңқырап, әйбат кеудесін ілгері ұмсынтып жалынан алақанмен жәй ғана қағып қалса, жорға шіркін үстіндегісін майып қып алмайын дегендей су төгілмес жүрісіне салып, сырғи түседі. Арқасына жалаңаш қыз мінгізген жорға қандай бақытты! Көргеніме көзім тоймай жүзуден жаңылып, көл түбіне кетіп қала жаздағанымды кеш аңғарайын. Қақалып-шашалып су бетіне қайта шықсам, қос жорға көлді айналып, алыстап кетіпті.
Үмітімді үзіп Төремұратқа торыға қараймын. Ол қасқа суға бір батып, бір шығып ентігін баса алмай, көл бетінде әзер малтиды. Менің де оңып тұрғаным шамалы. Қауқарым қалмай, сарқылып барам. Көлдің ең терең ортасында қос жағалауға жалтақ-жалтақ қарағыштап, қол-аяғымызды әлсіз жыбырлатамыз. Су түбіне кеткен деген осы ма? Бүйткен қызы құрып қалсын-ақ, иманымызды үйіріп, жыбырлап жүзіп бір заманда жағалауға да іліктік-ау. Сілеміз тастай қатқан. Сұлқ түсіп, тұра алмай мола боп жатырмыз. Тіліміз аузымыздан сала құлаш шығып кеткен. Ыстықтаған ит сияқты өкпемізді қағып, ырс-ырс етеміз.
Шопыр ағай мен жарық түсіруші бала мырс-мырс күледі. «Көлдің ортасына жүзіп барғандарың не?» дейді. «Жағалау жетпеді ме сендерге» дейді. Біз жауап бере алмаймыз. Олар жорға мінген жалаңаш қыздарды көрмеген сияқты ма немене…
Әлден уақытта ғана қыбырлап қозғалып, шабадан-үстелге сүйретіліп жеттік. Жарық түсіруші бала мөлдіретіп тамызып қойды. Ішеміз бе, ішпейміз бе? Білмейміз. Оқталамыз, бірақ ыстақанды алуға қолымыз көтерілмейді…
…Одан бері де отыз жыл жылыстап артта қалыпты. Қазір осынау жұмбақ көлдің суалған орны ғана жатыр. Шаңы шығып… Менің де жиырма бес жасымнан қалған естелік тым алыстан сағымдай бұлдырайды. Сағыныш болып…
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<