Жосалының жаңарған жолдары

1020

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолайлы өмір сүру үшін адамдар тұратын үйлердің айналасындағы жол жабынын жөндеу керектігін бірнеше мәрте атап өтті. Біз әр журналистік сапарда аймаққа қарасты ауданішілік жолдардың ахуалын көріп те жүрміз. Соңғы жылдары мол қаржыны қажет ететін осы саланың түйіні біртіндеп шешіліп келеді. Бір ғана мысал, Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы кентінің жолдары.

Бұған дейін кедір-бұдырлы жолдың жағдайы тұрғындарға да, аудандық атқамінерлергеде таныс еді. Жосалының басты көшесі – Абай мен Қорқыт атадағы асфальттың да күйі қашыңқырап тұрған. Елге берері көп мемлекеттік бағдарламаның арқасында көлік пен көпшілікке қиындық тудырған бұл мәселе оңынан шешілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 350 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, аудан орталығының 6 көшесіне жөндеу жүргізілді.

– Аталған бағдарлама бойынша Қорқыт ата, Рүстембеков, Құдабаев, Мырзағалиев және Темір жол көшесі орташа жөндеуден өтіп, толығымен асфальт төселді. Дәл қазір Абай көшесінің бордюрі төселіп болып қалды. Одан кейін асфальт жабындысы жүреді. Жалпы барлық мердігер мекемелерге екі ай уақыт беріліп, олар толығымен уақытында орындап келеді. Жоғарыда айтылған Абай көшесі де 16 қазанға дейін аяқталуы тиіс. Жол төсеу жұмыстарын күн жылы, жер қарада бітіруге қосымша тапсырма да берілді, қадағалап та келеміз, – дейді Жосалы кенті әкімінің орынбасары Бақытбек Жылтыров.

Айтуынша, осы бағдарлама шеңберінде тендерге қатысқан мердігерлерден үнемделген қаржы бар. Шамамен 90 млн теңге болатын сома басқа көшелерді жөндеуге жұмсалмақ. Бұл үшін қосымша жұмыстар атқарылып жатыр. Бұйырса, кент ішіндегі Медешов, Марал баба, Жанназаров, Қазантаев көшелері үнемделген қаржы есебінен қайта жаңғыртылады.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<