Жошы ұлысының ұлы даладағы ізімен

374

0

Жошы ұлысының құрылғанына биыл 800 жыл толып отыр. Осыған орай Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі «Талас-Ұлытау-Сарайшық» республикалық тарихи-этнографиялық экспедициясын ұйымдастырды. Арнайы дайындалған маршрутпен киелі орындарды аралап жүрген экспедиция осы аптада Сыр өңіріне келді.

Қыркүйектің 20-сы күні жолға шыққан экспедиция құрамында өз еліміздің тарихшы ғалымдарынан басқа Түркия мен Ресей мемлекетінен тарихшы, этнологтар бар. Арнайы маршрутпен Жамбыл, Түркістан облыстарын аралап, бері қарай шыққан қонақтар апта басында Жаңақорған ауданындағы ортағасырлық Сығанақ қалашығының орнында болып, Ақ Орданың астанасы болған шаһардың тарихымен танысты.

Дүйсенбіде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу-диалог өткізді. Мұнан соң облыстық тарихи-өлкетану музейін аралады. Кездесуде Жошы ұлысының тарихын зерттеу және насихаттауға байланысты мәселелер қозғалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы наурыз айында Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда: «Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады» деп атап өткен еді.

Айта кетейік, сапарды Қарағанды облысының әкімдігі, осы өңірдің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырып отыр.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен жиында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағамбетов экспедицияның мақсаты мен географиялық бағыты туралы тарқатып айтты. 

– Бұл – біздің екінші экспедициямыз. Біріншісі аймақтық деңгейде  өтті. Енді оның географиялық аумағы кеңейіп отыр. Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Атырау облыстары аумағындағы тарихи орындарды, Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуіріне жататын көне ескерткіштерді аралаймыз. Сондықтан да бұл сапарға екі жылдай дайындалдық. Бірінші кезекте біз Алтын Орда дәуірінен жеткен ұлттық тарихи-мәдени ескерткіштерге толыққанды бақылау жүргіземіз. Олардың қазіргі жай-күйін, жағдайын анықтау бағытында жұмыс істейміз. Біз ғалымдармен ғана емес, жергілікті тұрғындармен, қоғам өкілдерімен де кездесіп, ұсыныс-пікірлер жинаймыз. Соңында сапар қорытындысымен ғылыми мақалалар жарияланады. Мұнымен қоса ақпараттық фотоальбом, деректі фильм дайындалады. Сондай-ақ туристік бағытты арттыру бойынша ұсыныс әзірленеді, – деді ол.

Орта ғасырлардағы Алтын Орда кезеңінің археологиялық мұрасын зерттеп жүрген жерлесіміз, ғалым Мадияр Елеуов кездесуде бірқатар ұсыныстар айтты. 

Әрі қарай республикалық тарихи-этнографиялық экспедиция Сырдария ауданы аумағындағы «Қышқала» мен Қармақшыдағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барды. Одан әрі көршілес Ақтөбе, Атырау облыстарын аралап, осы өңірлердегі «Абат-Байтақ» кесенесі,  «Сарайшық» туристік орталығы (Хан пантеоны), Сарайшық қалашығына сапар шегеді. 

«Талас-Ұлытау-Сарайшық» республикалық тарихи-этнографиялық экспедициясы 1 қазанға дейін жалғасады. Осы уақытта бірнеше облыстың аумағындағы Жошы ұлысы мен Алтын Орда кезеңіне жататын тарихи-мәдени ескерткіштерді араламақ. 

Ұлттық құрылтайда Президент «Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек. Жалпы, елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін жан-жақты және кеңінен пайдалану қажет. Оны толық зерттеу үшін табанды жұмыс істеу керек» деген еді.

Міне, тарихшы, этнолог ғалымдар әлемдік тарихтағы Жошы ұлысының тарихын айғақтайтын ескерткіштерді зерттеу, насихаттау мақсатында жолға шығып отыр. Алдағы уақытта экспедиция қорытындысы бойынша Астана қаласында «Талас-Ұлытау-Сарайшық» дөңгелек үстелі ұйымдастырылып, нәтижесі баяндалады.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<