ЖӘРДЕМАҚЫ ТӨЛЕУДІҢ ЖАҢА ТҮРІ ӨЗ ИГІЛІГІН БЕРУДЕ

359

0

Биыл жаңа форматта енгізілген атаулы әлеуметтік көмек өз кезегінде еңбекке жарамды азаматтардың жеке қосалқы шаруашылығын, шағын кәсіпкерлігін дамытып, көптеген отбасының кіріс көзін арттыруға септігін тигізді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алтын Есқараева осылай деді.

Оның айтуынша, атаулы көмектің жаңа түрі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84 қадамын толық іске асыру аясында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. Биыл бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен  2 млрд теңге қаражат бөлінді. Басқарма өкілі аз қамтылған азаматтарды барынша әлеуметтік көмекпен қамту мақсатында шаралар қабылданғанын атап өтті. Аудандық (қалалық) жұмыспен қамту орталықтарында атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдайтын 58 маман белгіленсе, 1 қаңтардан бастап қосымша 10 консультант, 54 ассистент штаты берілген. Сонымен қатар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінен 29 маман бөлінді. Орталықтарда күту залдары электронды кезек жабдықтары мен электронды дисплейлермен жабдықталды.

А.Есқараева үстіміздегі жылдың 9 айында облыс бойынша 35444 адамға (6728 отбасы) 1529,6 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 1313,8 млн теңгесі төленгенін мәлімдеді. Жалпы жаңа форматтағы атаулы көмек шартты және шартсыз болып екі түрге бөлінген. Шартсыз көмек еңбекке жарамды мүшелері жоқ барлық отбасыларға, мүгедектер немесе зейнеткерлер отбасыларына немесе еңбекке жарамды мүшелері дәлелді себептер бойынша жұмысқа араласа алмайтын отбасыларға, мысалға, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғызбасты аналарға беріледі. Осындай отбасыларға жәрдемақыны алу үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді. Сондай-ақ, шартты ақшалай көмек отбасында кем дегенде бір еңбекке жарамды мүшесі бар отбасылар үшін арналған. Онда жанұя әлеуметтік келісімшартқа қол қойып, содан кейін ғана отбасының еңбекке жарамды барлық мүшесі жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан кезде беріледі.

2018 жылдың 1 қазанына шартсыз ақшалай көмек 6979 адамға (1700 отбасы) – 349,4 млн  теңге, шартты ақшалай көмек 28465 адамға (5028 отбасы) – 1180,2 млн теңге) тағайындалып, 6849 адамға (1668 отбасы) 345,3 млн теңге шартсыз ақшалай көмек, 28272 адамға (5094 отбасы) – 968,5 млн теңге шартты ақшалай көмек төленді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар құрамында 18 жасқа дейінгі балалар 63,1%, жұмыссыздар – 8,3%, жұмыс істейтіндер – 9,3%, бала күтімімен отырғандар – 14,8%, студенттер – 2,7%, зейнеткерлер мен барлық топтағы мүгедектер – 1,2%, басқа да санаттағылар 0,6% болды.

Әлеуметтік келісімшарт негізінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатарындағы  2843 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып, оның 38,9% (1105 адам) тұрақты жұмысқа орналастырылды, 1461 адам – қоғамдық жұмыстарға, 54-і – әлеуметтік жұмыс орындарына, 39-ы – жас­тар тәжірибесіне, 184 адам қайта даярлау курстарына жіберілген. Сонымен қатар, 1208 адам әлеуметтік бейімдеу шараларына тартылды. Әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты іс-шараларға, 2568 отбасына (12825 адам) 561,4 млн теңге шартты ақшалай көмектің біржолғы төлемі төленді.

Брифинг барысында жаңа форматтағы атаулы көмектің игілігін көргендер туралы көптеген мысалдар келтірілді. Мәселен, Шиелі ауданының тұрғыны Абдуллаева Динагүл шартты атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгінгенге дейін өзі де, жолдасы да жұмыссыз болған. Әлеуметтік келісімшарт негізінде бұл отбасына 339 мың теңге шартты ақшалай көмек төленді. Жолдасы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Өзі жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Бүгінгі күні азық-түлік сататын дүкен ашып, кәсіпкерлікпен айналысуда. Нәтижесінде, отбасының жан басына шаққандағы табысы 3,8 есеге көбейген. Мұндай мысалдар жеткілікті

Осылайша, жаңа нысандағы АӘК енгізілуі – аталған көмекті алушылардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, жұмыс іздеуге және өзін-өзі қамтуға ынтасын күшейтуге және аз қамтылғандар санатына жататын азаматтардың ел экономикасына және қоғам өміріне қатысу деңгейінің артуына оң әсерін тигізуде.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<