Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған.
Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, енді ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттан емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады» деп атап айтты.
Президенттің ауыл медицинасын жетілдіру, сол арқылы тұрғындардың сапалы медициналық көмекке деген қолжетімділігін арттыруға байланысты осындай нақты міндеттер жүктеуі ауылдарда, әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын қаншама мыңдаған тұрғынның ертеңге деген үмітін жалғап, болашаққа деген сенімін еселегені белгілі. Өйткені қазір ауру түрі көп. Қатерлі ісік, жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары секілді қауіпті сырқаттар жиілеп кеткені жасырын емес. Оларға дер кезінде көмек көрсетіп, ем-шараларды уақытылы жүргізудің маңызы зор.
Мәселен, жедел жүрек жетіспеушілігі бар науқастардың кенеттен қайтыс болу қаупі жоғары. Оларды кардиостимуляторлар, кардиовертер-дефибрилляторлар құтқарады. Жыл басынан бері Қызылорда қаласындағы көпсалалы облыстық аурухананың кардиолог мамандары аймақтың 75 тұрғынына жүрек имплантын орнатты.
Есенгелді Мали Қазалы ауданының тұрғыны. 73 жастағы еңбек ардагерінің жүрек жұмысын алты жыл бойы CRT-d кардиовертер-дефибриллятор реттеп келеді. Бұл – тек баяу немесе жылдам импульсті ғана емес, сонымен бірге прогрессивті жүрек жеткіліксіздігін де реттейтін арнайы құрылғы.
– Қант диабеті ауруы бойынша есепте тұрмын. Кейінгі жылдары жүрек жұмысы бұзыла бастады, ентігу пайда болды. 2016 жылы жүрегіме ота жасалып, кардиовертер-дефибриллятор орнатқан. 6 жылдан кейін құрылғы батареялары біткендіктен, сигнал бере бастады. Олар операция кезінде ауыстырылды. Қазір өзімді жақсы сезінудемін. Менің «моторымды» іске қосқан кардиологтарға алғыс айтамын, – дейді ардагер.
– Кардиодефибрилляторлар пациенттің жұмысқа қабілетін айтарлықтай арттыруға және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті №2 КАА кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Нұрболат Лепесов.–Кардиовертер дефибрилляторы CRT-d (жүректі қайта синхрондау терапиясы) – бұл кеуде аймағына имплантацияланған кішкентай электронды блок. Ол жүрек соғу жиілігін бақылап, электр разрядымен кенеттен ырғақтың бұзылуын жояды. «Кіріктірілген реаниматолог» қауіпті жүрек аритмиясы жағдайында өмірді сақтай алады. 5-6 жылдан кейін дефибриллятордың батареяларын өзгерту керек. Жалпы, электрокардиостимуляторлар толық өмір сүруге көмектеседі.
Біздің ең кішкентай науқасымыз 3 жаста, ең үлкені 94-те, – дейді кардиолог-аритмолог.
Кардиодефибрилляторды орнату бойынша бір операцияға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан шамамен 8,5 миллион теңге бөлінеді.
Жүрек- қан тамыр ауруларының аурушаңдық көрсеткіші биылғы сегіз айда 12,6 пайызға төмендеп, 14001 науқасты құраған. Аталған аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші де сәйкесінше түскені байқалады. Мәселен, былтыр сегіз айда 630 науқас қайтыс болса, биыл есепті мерзімде олардың саны – 554.
Бүгінде өңірде «Қан айналым жүйесі аурулары кезінде медициналық көмек көрсетуді жетілдіру» және «Инсульт кезінде медициналық көмек көрсетуді жетілдіру» жөнінде 2022-2023 жылдарға арналған Жол карталары бекітіліп, жүзеге асырылуда. Бұл орайда жүрек-қан тамыр жүйесінен болатын өлім-жітімнің алдын алу бағытында салауатты өмір салтын сақтауды насихаттауда біршама жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар аталған аурулардың асқынуы «Миокард инфаркті және жедел ми қанайналым бұзылысы» диагноздарының алдын алу бойынша тұрғындар арасында қауіп-қатер тобын анықтап, тексерулер жүргізілуде. Созылмалы жүрек жетіспеушілігі бар науқастарды бақылау үшін емханалардан арнайы кабинеттер ашылған. Профилактикалық тексерулер кезінде анықталған аурулар диспансерлік есепке алынып, әрі қарай оларға бақылау жасалады. Ауыл тұрғындарының ауруларын ерте анықтау мақсатында жылжымалы медициналық кешендер қызметтері қолданылуда.
Жалпы облыста 2 тері арқылы коронарлық араласу орталығы бар. Олар көпбейінді облыстық аурухана мен Қазалы ауданаралық ауруханасында орналасқан. Одан бөлек, 3 инсульт орталығы жұмыс істеуде.
Айнұр Батталова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<