А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қатысып, сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Сыр өңірінде байыпты бастамалар, мақсатты жобалар қолға алынып, аймағымыз қарқынды дамуда. Облыс 9 айдың қорытындысы бойынша экономикалық даму көрсеткіштері жағынан республикада көш басынан көрінді. Соның ішінде әлеуметтік қорғау саласының жетістіктері аймақ көрсеткішінің дамуына әсер ететін бағыттардың бірі екенін атап өту керек.
Бүгінде 36 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды, 5 мыңнан астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілді, 20 мыңнан астам аз қамтылған, мүгедектігі бар адамдарға және жалғызбасты қарттарға бюджеттен тыс көздерден қайырымдылық көмек көрсетілді, 26 мыңнан астам мүгедектігі бар адам Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы техникалық құралдармен қамтылды.
Облыс әкімінің ұсынысымен биыл «Халық банк» акционерлік қоғамы банктің жүз жылдығына арналған «100 игі іс» науқаны аясында Қызылорда және Байқоңыр қалаларына мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға әрқайсысының құны 23 млн теңге тұратын арнайы 2 инватакси көлігін сыйға тартып, ол халық игілігіне қызмет көрсетуде.
Биыл алғаш рет барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдар мен балаларға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бірреттік әлеуметтік көмек беруге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Республика күніне орай төленді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Жалпы аймағымызда 2000-нан астам әлеуметтік қызметкер жұмыс жасайды. Оның 400-ден астамы мүгедектігі бар адамдарға, жалғызілікті қарттарға қызмет көрсетеді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді лицензиялау мен қызмет көрсету ұйымдарын жан басына қаржыландыру жүйесі іске асады. Бұл инновациялар халықты әлеуметтік қорғауды жақсарту мен қолжетімділікті арттыруға бағытталған.
Облыста өткен жылы ашылған «Еңбек мобильділігі орталығы» еңбек нарығын үйлестіруде. Сонымен қатар «Отбасын қолдау орталықтары» заңгерлік және психологиялық көмек көрсетуден бастап кәсіпкерлік негіздерге оқытуға, бизнес-жоспар құруға, грант немесе шағын несие алуға жәрдемдеседі, мұқтаждығын зерделейді.
Әлеуметтік қорғау саласына үкіметтік емес ұйымдар да өз үлесін қосуда. Биыл 7 жоба іске асырылуда, ол 1,5 мыңнан астам азаматты қамтиды.
«Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» пилоттық жобасы өткен жылдың желтоқсан айынан бері арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы базасында іске қосылды. Жоба аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры жетек арба, көпфункционалды әмбебап кресло-арба және вертикализаторлар жеткізді.
Шара соңында саланың дамуына үлес қосқан ардагерлер мен мамандар марапатталды. Ардагер Сұлтанбек Махамбетовке «Еңбек ардагері» медалі, Жаңабай Жәкеновке «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісі, сала қызметкерлеріне тағы басқа марапаттар табысталды.
Мәдениет үйінің фойесіне арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы қызмет алушылар салған суреттер галереясы және қайтарымсыз мемлекеттік грант иегерлерінің жұмыстарынан көрме ұйымдастырылды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<