Жүректегі жазулар

4369

0

Жақында қазақ детектив жанрының негізін қалаушы, жазушы Кемел Тоқаевтың өмірі мен тағдыры жайлы «Азамат» деп аталатын кітап қолыма тиді. Кітапқа жазушының ұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әке туралы эссесі мен бір топ қалам қайраткерлерінің естеліктері еніпті. Әсіресе ұлының әкесі жайында жазған естелігін оқып отырып, көзімнің жасы ыршып шықты. Жұртқа түсінікті болу үшін оқыған кітабымнан үзінділер келтірейін:

Сталиннің қолшоқпары болған Голощекин елдің зиялы азаматтарын қынадай қырып, малын тартып алып, аштыққа ұшыратқан жылдардың салқыны Тоқай әулетін де айналып өтпеген екен. Барынан айырылған әке аштан өлмес үшін, туған жерін тастап кетуге мәжбір болады. Бішкекке көшіп келгеннен кейін Яков деген орысқа жалданып, жұмыс жасайды. Еңбегіне алған ескі етікті нанға айырбастау үшін балалары Қасым мен Кемелді базарға жұмсайды. Бара жатқан жолда қаңғыбас балаларды жинап жүрген милиция патрулі тоқтатады. Үстіндегі киімдеріне қарап тұл жетім екен деп ойлап, арбаға күштеп отырғызып алып кетеді. Балалардың «ата-анамыз бар» деген сөздерін де тыңдамай, құжаттарын тез рәсімдеп жетімдер үйіне өткізіп жібереді. Сөйтіп бұлар ата-анасының көзі тірісінде-ақ жетім атанады. Әкесі мен анасы қанша іздегенімен таба алмайды. Бұл жағдай отбасына ауыр тиіп, анасы төсек тартып қалады. Қасым мен Кемелден кейін туған кішкентай қарындасы ошаққа жылынамын деп жанып жатқан отқа аяғы тайып құлап, күйіп өледі. Төсекке таңылған ана сәбиін құтқара алмайды. Туған қызынан қапыда айырылған ана жүрегі шыдас бермей, о дүниеге аттанады. Сүйген жары мен сәбиін жерлеп келген әке Яков қожайынға өмірдің мүлде мәні қалмағанын мұңая айтады.

Балаларының бірі қайтып оралатын болса, қол ұшын беруін өтінеді. Сол түні үйден біржола кеткен әке із-түзсіз жоғалады. Оны содан кейін ешкім көрмеген.

Қасым бір күні балалар үйінен амалын тауып қашып шығып, әкесі тұрған үйге келеді. Яков болған оқиғаны баяндап береді. Қайғыдан қан жұтқан Қасым балалар үйіне оралып, досына болған жағдайды айтып жатқанда Кемел төсегінде үнсіз тыңдап жатады. Ол жанын қуырған қайғысын жасырып, үнсіз жасқа тұншығады. Өмірдің қиыншылығын көрген Қасым бауыры Кемелді қамқорлығына алады. Қасым есейіп қалған шағында Ұлы Отан соғысы басталып, майданға аттанады.

1942 жылдың ақпанында қаза тапқаны туралы қара қағаз келеді. Кемел соңғы тірегі туған ағасы Қасымнан да көз жазып, бақытсыз балалық шағы осылай өтеді.

Кемел Тоқаев интернатта оқып жүргенде өзінің алғырлығымен де ерекше көзге түскен екен. Фрунзе жаяу әскер училищесін бітірген соң Сталинград майданы құрамына кіретін әскери бөлімге жібереді. Әскери іс жөніндегі нұсқаушылар қазақ жас жігітін 226-шы атқыштар дивизиясының бөлімше командирі лауазымына ұсынады. Кемел үш айдан кейін шайқаста ауыр жараланып, әскери госпиталге түседі. Жас сарбаз көп ұзамай-ақ майданның алдыңғы саптағы бөлімге қайта жіберуін өтініп, 7-ші гвардиялық танк полкіне қайта қосылады. Кеңес әскері Белоруссияны, Украинаны, және Полшаны жаудан босату үшін екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ірі әскери операцияларды жүзеге асырады.

Кемел Поляк жеріндегі шайқаста екінші рет ауыр жараланып, елге оралады. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Отан соғысы» орденімен марапатталады. Бұл туралы жазушы өзінің «Солдат соғысқа кетті» кітабында жан-жақты жазады. Кемелдің басынан өткен түрлі оқиғалар осы кітапта баян етілген. Оның бәрін жаза бермей, оқырманның өзіне қалдырайын.

Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов Кемел туралы естелігінде: «Ол өзінің жауынгер жолдастары туралы айта бастады. Солардың әрқайсының ерлігі туралы тебірене отырып айтты. Әсіресе Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданының баласы Бимағамбет Сүлейменов деген досының атын аузынан тастамады. Оны бүкіл бөлімше құрметтеп, Биеш деп атаған екен. Қасындағы жолдастарын сан рет өлімнен арашалап қалған сол Биеш Сталинград шайқасы күндерінің бірінде оққа ұшыпты. Оның өлімін айтқан кезде Кемелдің көзінен мөлтілдеп жас үйірілді», — дейді.

Мен Қарабұтақ ауылының тумасымын. Кітаптан алған әсеріммен бөлісейін, әрі жерлесіміз Бимағамбет Сүлейменовтің жақын туыстарын табайын деген ниетіммен, қолыма қалам алдым. Бұл күнде соғыс ардагерлерінің бәрі о дүниелік болды, көзкөрген үлкендер де қалмады. Ол кезде біз бала болдық. Осы мақалам жарыққа шығып жатса, бірінен бірі естіп табылып қалар деген ойдамын. Биыл майдангер жазушы Кемел Тоқаев жүз жасқа толады. Өзімен соғыста бірге болған адал досы Бимағамбет Сүлейменовтің есімі елеусіз қалатын түрі бар. Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапқан жерлесімізге Қарабұтақ ауылынан ескерткіш тақта орнатса да артық болмас еді.

Серік РАЙЫМБАЕВ,

зейнеткер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<