Жүргенов жолы мен қазақ руханиятының қалыптасуы

2948

0

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай жарық көрген «Komiser Jurgenov» және «Темирбек Жургенов: Триумф и трагедия» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Баршамызға белгілі, былтыр ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен Орта Азия деңгейіндегі оқу-ағарту саласының, мәдениет пен өнердің өркендеуіне өлшеусіз қызмет еткен, қазақ руханиятының қалыптасуында айқын қолтаңбасы бар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай «Жүргенов жылы» жарияланған болатын. Халықаралық ұйым деңгейінде қайраткердің тағдырлы да тағылымды ғұмыр жолын насихаттап, тұлғасын таныту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» романы түрік тіліне аударылса, жазушы Алмажан Өтеғалиеваның «Темирбек Жургенов: триумф и трагедия» кітабы орыс тілінде жарық көрді.

Ел ғалымдары мен әдебиетшілерінің бағалауынша, романда Темірбек Қараұлының өмірі, өскен ортасы, бірегей болмысы, ел ертеңі жолындағы жанқиярлық еңбегі нақты деректермен айғақтала отырып баяндалған. Сонымен қатар, қуғын-сүргінге түскен отбасының ахуалы, Т.Жүргеновтің жары Дәмеш Әмірханқызының ерінің есімін қоғамға қайтару жолында жылдар бойы еткен еңбегі айтылады. Ал жазушы Алмажан Өтеғалиеваның «Темирбек Жургенов: триумф и трагедия» атты кең көлемді мұрағат деректеріне сүйене отырып жазылған монографиялық еңбегінде Қазақ АКСР-нің Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметі жан-жақты қамтылған.

Рухани шараға Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламент депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшелері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында Т.Жүргеновтің 125 жылдығы күллі түркі дүниесі деңгейінде тойланғаны, сондай-ақ, оның әдеби-публисцистикалық мұрасын түбегейлі зерттеп, мәдениет, әдебиет тарихында алатын орнын нақты белгілеу келешек ұрпақтың парызы екені айтылды.

Т.Жүргеновтің 125 жылдығына орай қайраткердің туған жері Сыр елінде облыс әкімдігі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен «Ұлт руханияты және Т.Жүргенов мұрасы: Жасампаздығы мен зерттелу кеңістігі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Онда жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың Т.Жүргеновтің тауқыметті тағдыры, тартысты өмір жолы жайлы ой қозғайтын «Комиссар Жүргенов» романы ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының жүгін көтеріп тұрған танымдық еңбек деп бағаланып, келешекте тарихи-ғылыми ізденіске негіз болатыны айтылған еді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<