Өңірде өз кәсібін дөңгелентіп отырғандар арасында әйелдер қауымының үлесі бұрынғыдан да артып келеді. Олар отбасы мен бизнесті қатар алып жүріп, іскерлігін де дәлелдеуде. Бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, кәсібін жандандырып, жетістікке де жетті. Сондай жандардың бірі – Жұлдыз Күшжанова.
Оның жобасы ерекше. Жантақтан шай шығарады. Өсімдіктің адам денсаулығына пайдасы көп, дәрі-дәрмектің құрамынан кездестіреміз. Жып-жинақы, шағын қорапшаға салынған өнімге алғашқыда көпшілік тосырқай қарағанымен, пайдасын білгеннен кейін іздеп келушілер көбейген. Әзірге өнім жергілікті дүкен сөрелеріне қойылған.
Жұлдыз кәсіпті бала күтіміне байланысты еңбек демалысында қолға алды. Өз қаражатына жартылай дайын тағам өндірісін бастады. «Адал ас» цехын ашты. Цех заман талабына сай құрал-саймандармен жабдықталған. Еңбекқор қыз шаруасын одан әрі дамыту үшін өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 6 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейтті. Ісі жанданып, 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Мемлекеттік қызметте істедім. Кейін өз қаражатыма кәсіп аштым. «Адал ас» өнімдері халық арасында сұранысқа ие. Осы бағыттағы жұмысым жүйеленіп, екінші кәсіпті қолға алдым. Пайдалы дүние жасауды көздедім. Осы кезге дейін аралдық кәсіпкер жантақтан сабын өндірді. Бұл жайлы естіген боларсыздар? Осы жобаға қызығушылығым оянып, жантақ шайын шығарсам деген ой келді. Жобамды толық зерттеп шықтым. Құрамын пайдалы етуге тырыстым. Алғашқы тұтынушым жақындарым болды. Отбасым күнделікті қара шайдың орнына жантақ шайын қолдана бастады. Дәмі керемет, бәріне ұнады. Ешқандай қоспасы жоқ, емдік қасиетке ие, – деді ол.
Күнделікті тұрмыста қолданылатын шайдың көптеген түрлері сырт елдерден тасымалданады. Үнді, Кения шайы жоғары сұранысқа ие. Бірақ көпшілігінің құрамы адамға түсініксіз, қоспаларына мән бермей жатамыз. Кейде бояуы қанық болса, енді бірінің шығымы жоқ. Тіпті мамандар қара шайдың адам денсаулығына кері әсер беретінін де айтып жүр. Ал Жұлдыздың шайы табиғи әрі пайдасы көп.
Кәсіпкер өнімін танымал ету үшін жергілікті тауар өндірушілердің көрмесіне, түрлі жобаларға қатысуда. Соның бірі – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Облыс деңгейіндегі жобаға түрлі кәсіп иелері қатысып, өнімдерін ұсынды. Үздіктер іріктеліп шықты. Олардың қатарында Жұлдыздың «Жантақ шайы» да бар.
– Тың идея көп. Жобамды дамыту үшін ізденіп жүрмін. Бастысы өнімнің сапасы жоғары. Кез келген ортада ұсына аламын. Енді шайдың көлемін арттырып, өзге де өңірлерге шығаруды көздеп отырмын. Ол үшін кәсіпкерлерге берілген мүмкіндікті тағы да пайдаланып көрмекпін, –дейді Жұлдыз.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<