Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің 100, халық ақыны Манап Көкенов пен Жаңақорған ауданының құрылғанына 95, «Жаңақорған тынысы» газетінің 90 жылдығын аудан жұртшылығы кең көлемде атап өтті.
Жақында Жаңақорған аудандық М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде Сыр елінің тума таланты, әнші-композитор Мәдениет қайраткері, өнертану доценті Сауранбек Елеуовтің шығармашылығына арналған «Жұлдызым» атты ІІ облыстық байқау өтті. Байқауды аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов ашып кіріспе сөз сөйледі.
– Сауранбек Елеуовтің тырнақалды туындысы «Апатайым анашым» әнінің тұсауы Жаңақорған топырағында кесілді. Қазір 80-нен астам әні айтылып жүр, – деді ол.
Аудан әкімдігі өткен жылдан бері композитор шығармашылығын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында облыстық әншілер байқауын өткізіп келеді. Байқауға барлық ауданнан 17 мен 35 жас аралығындағы өнерпаздар қатысады.
Қорытынды бөлімде әнші-сазгер Сауранбек Елеуов сөз сөйледі. Ол осы байқаудың екінші рет Жаңақорған топырағында өтуіне ықыласы мен қолдауын білдірген аудан әкімі Мұрат Тілеумбетовке, аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопыбековке, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әбілхайыр Сыздықовқа шынайы алғысын жеткізді. Демеушілік жасаған ел ағалары Мадияр Ахметовке, Ерғабит Ильясовқа, кенттік мәдениет үйінің директоры Күланда Әбілтановаға, алматылық меценат Марат Көпешовқа ризашылығын білдірді.
Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгер Рамазан Тайманов байқау қорытындысында өнер сайысына түскен әншілердің әрқайсысының орындаушылық деңгейін атап көрсетті.
– Кез келген орындаушы әнді жете түсініп, образға кіріп орындауы шарт. Осы тұрғыдан алғанда байқаудың бірінші шарты бойынша ән орындауда көп көңілінен, біздің қазылар алқасының талғамынан шыққан әншінің екінші айналымда төмен өнер көрсеткенінің куәсі болдық. Сондықтан әр әнші ән таңдауда өзінің табиғатына, даусына келетін әнді орындағаны дұрыс. Негізінен байқауда әншілерге орын тағайындауда барынша әділ болуға тырыстық. Менің бұл ойымды көңілі адал көрермендер де дұрыс бағалайды деп білемін, – деп сөзін қорытты.
Әділқазылар алқасының мүшесі, Әбсұлтан Өтепбергенов Бексұлтан Байкенжеев атындағы сыйлықты Аида Тасмағанбетоваға, Нағызхан Жаманбаев атындағы сыйлықты Айтолқын Іскендіроваға, Нұрберген Тастаев атындағы сыйлықты Айбек Саламатовқа, Жақсыгүл Бегманова атындағы сыйлықты Ақжарқын Нұрланқызына табыстады.
Қазылар алқасының мүшесі, Әлшекей атындағы өнер мектебінің мұғалімі Айгүл Өтегенова жүлделі үшінші орынмен Мейіржан Нағашыбайды, Абылайхан Байділдаевты, екінші орынмен Наргиз Ерланқызын марапаттаса, Рамазан Тайманов бірінші орын иемденген Исламхан Нағызханды марапаттады. Бас жүлдені сазгер-әнші Сауранбек Елеуов Қаршыға Базарханға табыстады. Байқауға қатысушылар алған орындарына қарай түгелдей демеушілер тағайындаған ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Мәдениет қайраткері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<