Елімізде кейінгі жылдары жұмысшы мамандықтарға сұраныс артып келеді. Сондықтан кәсіптік білім беру жүйесіне ерекше мән берілуде. Облыста қазір 20 мыңнан астам студент кәсіптік білім алып жатыр. Оларды жұмыспен қамту мақсатында түрлі кәсіпорындармен келісім-шарттар, меморандумдар жасалған. Бұл байланысты одан әрі нығайту мақсатында облыстағы барлық білім беру ұйымдарында «Жұмыс беруші күні» ұйымдастырылды.
Атаулы күн аясындағы іс-шара И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжінде өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет, өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов, кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов пен аймақтағы ірі жұмыс беруші мекеме басшылары, кәсіпкерлер мен оқу орындарының өкілдері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Аманұлы бірқатар кәсіпкерлер мен өзге де ұйым басшыларын Оқу-ағарту министрінің, облыс әкімінің алғыс хатымен, өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов пен палата директоры Пірмұхаммед Сыздықов алғыс хатпен марапаттады.
90 жылдық тарихы бар оқу орнын былтыр 250-ден аса түлек бітіріп шыққан. Оның 70 пайызға жуығы жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткішті алда 90 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
– Біз 127 әлеуметтік серіктестікпен келісім-шартқа отырғанбыз. 27 мамандықтың 5 мамандығы бойынша дуальді оқыту жүйесін іске қостық. Дуальді оқыту жүйесі дегеніміз, бұл – 80 пайызға дейін практикалық жұмыс істейді де, 20 пайызы ғана теорияға беріледі. Сондай-ақ, сол 80 пайыздың барлығы өндірістік базаларда жұмыс істейді, – дейді Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі директорының орынбасары Мағрипа Әйтенова.
Басқосу барысында кәсіпкерлер палатасының директоры өңірде шағын және орта бизнесте 104 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін тілге тиек етті.
– Кәсіпкерлер палатасы құрылған сәттен бері кәсіпорындарға, білім беру ұйымдарына кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыруда әдістемелік көмек көрсетуде. Бұдан өзге, дуальді оқыту жүйесін жүзеге асыру барысында да колледждер мен жұмыс берушілер арасында тығыз қарым-қатынас орнатып, өзекті мәселелердің республикалық деңгейде шешілуіне үлес қосып келеміз, – деді ол.
Шара соңында Қызылорда аграрлы-техникалық, Абылай хан, «ORDA», М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінің директорлары «РЦКУ-Қызылорда» ЖШС, «ҚазСуШар» шаруашылығы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалы, «Әсем-Құрылыс-Қызылорда» ЖШС, «Ас-кА» ЖШС, «Қызылордаэлектр-жылуорталығы», «Мелиоратор» ЖШС басшыларымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<