Пандемия шектеулеріне қарамастан өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы тұрғындарды еңбекпен қамтуға мүмкіндік туды. Бағдарлама шеңберінде өңірде белгіленген меже орындалып, 2020-2021 жылдары 10820 тұрғын уақытша жұмыс көзін тапты.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға бағдарлама аясында атқарылған жұмыстарды баяндап, бірқатар тапсырмалар алды.
Жұмыс көзін тапқан 10 мыңнан аса адамның 76,3%-і – ауыл тұрғындары, 42,5%-і – жастар, сондай-ақ, аз қамтылған, мүгедектігі бар азаматтар да бар. Г.Қалмақова Жол картасын жүзеге асыру барысында қолданылған тауарлар мен қызметтердің 95%-і отандық өндірушілерден алынғанын, индикаторлық көрсеткіштердің орындалғанын жеткізді.
Аймақ басшысы қазіргідей күрделі кезеңде жұмыс орындарын сақтап қалудың маңызын және индустриялық жобалар аясында қажетті еңбек ресурсына нақты талдау жұмыстарын әзірлеу қажет екенін айтты.
– Қазір 21 ірі инвестициялық жоба әзірлеп отырмыз. Мұнан бөлек, әр ауданда, қалада ашылатын нысандар бойынша талдау жүргізіп, бірінші кезекте жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға көңіл бөлу керек. Кез келген мүмкіндікті пайдалана отырып, еңбек нарығында жұмыс көзін тұрақты ұстауды басты алғышарт ретінде қарап, жұмысшылардың жалақысының уақытылы берілуіне жете мән беру қажет, – деді облыс әкімі.





