Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке біраз тапсырмалар берді. Соның ішінде экономикалық өсімді қалпына келтіру және қазақстандықтардың нақты табысын арттыру – негiзгi әлеуметтiк басымдықтардың бірі екендігін атап өтті. Сондай-ақ, биыл 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аяқталып, Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы қабылданды. Осы орайда, Еңбек министрінің 7 ақпандағы № 46,47 бұйрықтарымен субсидияланатын жұмыс орындарының, яғни қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы мен әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, сондай-ақ, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқыту мен қайтарымсыз гранттар беру қағидалары қайта бекітілді.
Жаңа қағида бойынша өзгерістерге тоқталатын болсақ:
Субсидияланатын жұмыс орындар бойынша биылғы жаңалық – жұмыс берушілер субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінімді қажетті мәліметтерді толтыра отырып жұмыспен қамту орталығына Электрондық еңбек биржасындағы «жеке кабинет» арқылы электронды түрде береді.
1) Қоғамдық жұмыстардың жалақысы 42500-ден 61260 теңгеге дейін артты, қатысу мерзімі 12 айға дейін, тіркеуде тұрған барлық жұмыссыздар қатыса алады.
Қоғамдық жұмыстар барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады, бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды жүйелі жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілер қатысаалады. Облыс орталығындағы жұмыс берушілер қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға екі жылда бір рет қатысады. Қоғамдық жұмыстарға қатысушылардың саны жұмыскерлердің тізімдік санының 40%-нен аспайды (мысалы, 1 мекемеде 10 адам жұмыс істесе, қоғамдық жұмысқа 4 адамға дейін ала алады). Мүгедектігі бар және жазасын өтеу орындарынан келген азаматтарға шектеу қойылмаған.
2) Жастар практикасына қатысушылардың жалақысы 76575-тен 91890 теңгеге дейін, қатысу мерзімі 6-дан 12 айға дейін ұлғайды. Бұл шараға 29 жасқа толмаған, соңғы 3 жылда жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірген және еңбек өтілі жоқ түлектер қатыса алады.
Жастар практикасы барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады, бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды жүйелі жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілер қатысуға жіберіледі.
3) әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру жалақыны 35 процентін субсидиялау арқылы жүзеге асырылады, субсидияның максимальді мөлшері 42500-ден 61260 теңгеге дейін артты, қатысу мерзімі 12 айға дейін, тіркеуде тұрған барлық жұмыссыздар қатыса алады.
Әлеуметтік жұмыс орындары барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады, бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды ұдайы жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілер қатысуға жіберіледі. Табысы аз және/немесе көпбалалы отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелері, мүгедек балаларды тәрбиелеуші адамдар үшін сондай-ақ үйде әлеуметтік жұмыс орындарын құру көзделеді.
4) «Алғашқы жұмыс орны» жобасы 29 жасқа толмаған, жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастарға алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес жұмыс орындарын құруды көздейді, жалақы көлемі 61260-тан 91890 теңгеге дейін, ал қатысу мерзімі 12-ден 18 айға дейін ұлғайтылды. Жұмыс беруші жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыссызды кемінде 12 (он екі) ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыруға міндетті.
5) «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасына 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған және 29 жасқа толмаған білім беру ұйымдары түлектері қатысады, жоба шеңберінде жұмысқа орналасқан адамға зейнеткерлік жасқа жетуге кемінде 6 (алты) ай қалған тәлімгер тағайындалады. Жалақы көлемі 61260-тан 91890 теңгеге дейін артты, қатысу мерзімі 6 айға дейін. Жұмыс беруші жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыссызды Еңбек кодексінің 38-бабына сәйкес тәлімгердің бос жұмыс орнына немесе басқа бос орынға ауыстыруға міндетті.
6) Биылдан бастап зейнеталды жастағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске қосылуда. Бұл жоба зейнетке шығуына екі жыл мерзімі қалған жұмыссыздарды орналастыруды көздейді, жалақының 50 проценті мемлекеттен субсидияланады және субсидия мөлшері 61260 теңгеден кем болмайды. Жобаға қатысу мерзімі 12 айға дейін, одан кейін жұмыс беруші жобаға қатысушыны зейнетке шыққанға дейін тұрақты орынға орналастыруға міндетті. Жобаларды ұйымдастыру үшін құрылатын уақытша жұмыс орындарының саны жұмыскерлердің тізімдік санының 20%-інен аспайды. (мысалы, 1 мекемеде 15 адам жұмыс істесе, қоғамдық жұмысқа 3 адамға дейін ала алады). Аталған субсидияланатын жұмыс орындар уақытша сипатта және бұл орындарға орналасқан адамның еңбек қызметі оның еңбек өтіліне есептеледі. Жоғарыда айтылғандай, жұмыс беруші электрондық еңбек биржасында «жеке кабинет» арқылы қажетті мәліметтерді көрсете отырып, жұмыс орындарын құруға электронды өтінім береді және халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт жасасқаннан кейін сол жерде бос жұмыс орындарын жариялайды. Сондықтан барлық жұмыссыздар жұмыспен қамту орталықтарына хабарласпай-ақ Электрондық еңбек биржасында бос жұмыс орындарын бақылай алады.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант беру шарттарына да өзгерістер енгізілді.
Мемлекеттік грант мөлшері 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін артты, биыл 1 225 200 теңгені құрайды. Сонымен қатар, бұрын мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер болса, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар ғана грант ала алады. Әлеуметтік осал топтарға – атаулы көмек алушы отбасы мүшелері, көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы алатын адамдар және қандастар жатады. Грант беру процесі биыл электронды түрде өтеді, яғни адами фактор жойылып, грант алуға үміткердің талапқа сай келетіндігі (келмейтіндігі) жүйе арқылы анықталады. Бұл ретте үміткерлер өтінімдерін 1 наурыздан бастап іске қосылған «Еңбек-Бизнес» порталына ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) арқылы тапсырады.
Айта кететін жайт, аталған санаттағы азаматтар жұмыспен қамту органдарында тіркеуде тұрған жұмыссыздар, мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер, бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер, жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін азаматтар қатарынан болуы тиіс. Сондай-ақ, грантқа үміткер «Бастау Бизнес» жобасының сертификатын (соңғы 3 жыл ішінде алған) және кемінде 1 жыл тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеу туралы мәліметтерді ұсынады.
Мемлекеттік грант беру туралы шешімді грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі арнайы комиссия шығарады. Комиссия жұмыспен қамту орталықтарының жанынан құрылады. Оның құрамына «Атамекен» палатасының өкілі, қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, бизнес және БАҚ өкілдері, сондай-ақ, сала эксперттері енеді. Комиссия отырысында үміткер бастапқы бизнес жобасын таныстырады. Айта кетейік, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының қатысушылары болып табылатын адамдар грант алуға үміткер бола алмайды. Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Грант алушы грант алған күннен бастап 12 ай ішінде бизнесті кеңейтуге бағытталған шараларды қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыспайды. Ескеретін жайт, грант бір рет беріледі. Халықты жұмыспен қамту орталығының өкілі гранттың мақсатты пайдаланылуына тұрақты мониторинг жүргізіп отырады.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы биылғы жылы да онлайн-форматта өткізіледі.
Оқуға жоғарыда айтылғандай ХЖҚО тіркелген жұмыссыздар, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер, мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі жеке кәсіпкерлер, оның ішінде қызметін тоқтатқандар және жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін адамдар қатысады.
Оқыту жоспарларын қалыптастыру процесінде білім алушылардың кемінде 1/3-і жастар санатына және кемінде 1/3-і аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасы мүшелері, қандастар, қоныс аударушылар, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және мүгедектер санатына сәйкес келуі тиіс.
«Бастау Бизнес» жобасына қатысушы «Еңбек-Бизнес» порталына ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) арқылы тіркеліп, өтінім береді. Өтінім порталда нысаналы топқа сәйкестігі тексеріледі және мақұлдағаннан кейін өтінім онлайн-оқудан өту үшін автоматты түрде «Atameken Academy» порталына жіберіледі. Оқу ұзақтығы күнтізбелік 25 күннен аспайды, ол тегін өтеді. Оқуды аяқтағаны туралы сертификат үш жылға жарамды.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқу
Білім беру ұйымдарында жұмыссыздарды кәсіптік оқыту жұмыс берушілердің өтініші бойынша олардың меншік нысанына қарамастан ұйымдастырылады. Белгілі бір талаптарды сақтау шартымен білім беру ұйымдары тізілімге енгізіледі, оның тәртібін «Атамекен» ҰКП белгілейді. Оқуға қатысуға ниет білдірген үміткерлер қажетті құжаттарды қоса бере отырып жұмыспен қамту орталықтарына өтініш береді. Оқуды аяқтаған жұмыссыздарға білім беру ұйымы сертификат немесе куәлік береді. Оқудан өтетін жұмыссыздарға ҚР заңнамасында белгіленген мөлшерде шәкіртақы, сондай-ақ жол жүруге, тұруға және медициналық тексеруден өтуге материалдық көмек көрсетіледі.
Материалдық көмек:
1) облыс шегінде, бірақ жұмыссыздар тұрақты тұратын елді мекендерден тыс орналасқан білім беру ұйымдарында оқыған барлық кезеңде оқу орнына баруға және қайтуға 4 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде жол жүруге;
2) жұмыссыздар тұрақты тұратын елді мекендерден тыс орналасқан білім беру ұйымдарында оқыған уақытта ай сайын тұруға – 10 АЕК мөлшерінде беріледі;
3) оқудың барлық кезеңінде медициналық тексеріп-қараудан өтуге 2 АЕК мөлшерінде беріледі.
Айта кетейік, оқыту онлайн режимде өткен кезде тұруға және жол жүруге материалдық көмек төленбейді.
2018 жылдан бері мүгедектер үшін арнайы жұмыс орындарын құрған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялауға республикалық бюджеттен трансферттер бөлініп келеді. Арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерге субсидиялар беру жұмыспен қамту орталығы мен жұмыс беруші арасында жасалған шартқа сәйкес жүзеге асырылады. Жұмыс берушілер 1 қарашаға дейін жұмыспен қамту орталығына немесе еңбек биржасы арқылы өтініш береді.
Субсидиялар жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын жабдықтау үшін жабдықты сатып алу, орнату және орнату шығындарын өтеу үшін беріледі. Мүгедектер үшін арнайы жұмыс орындарын ашу үшін жұмыс берушілер жұмыспен қамту органдарына және электрондық еңбек биржасына өтінім беруі керек.
Жұмыс берушілерге субсидиялар олар мынадай шарттарды сақтаған кезде ұсынылады:
1) құрылып жатқан арнайы жұмыс орындарының Мүгедектің жұмыс орны стандарттарына сәйкес келуі;
2) мүгедектерді жұмысқа орналастыру және олардың жұмыспен қамтылуын тұрақты жұмыс орны құрылған сәттен бастап сақтау;
3) жұмыс берушіде жалақы бойынша берешектің болмауы;
4) есептелген салықтар, алымдар және бюджетке өзге де міндетті төлемдер бойынша берешектің болмауы;
5) жұмыс берушінің құрылған арнайы жұмыс орындарында атқарып отырған лауазымына сәйкес мөлшерде жалақы төлеуін қамтамасыз етуі.
Облыстық жұмыспен
қамтуды үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасы





