Жұмысшыларға сұраныс жоғары

249

0

И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінде жұмыссыз тұрғындар мен оқу орындарының түлектеріне арналған «Адал еңбек – адал табыс» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі және мектеп бітірушілерге арналған ашық есік күні өтті. Іс-шара «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жұмысшы мамандарды қолдау, дамыту, жұмыссыз азаматтарға әлеуметтік сала, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау бағытында ақпарат беру, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында ықпалдастық орнату мақсатында ұйымдастырылды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев жұмысшы мамандар жергілікті еңбек нарығының негізі болып қала беретінін жеткізді.

– Себебі өңірде 180 мыңнан астам адамның немесе жұмыс істейтін азаматтардың 54 пайызының кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Жұмыс күшіне қажеттілік әлі де арта түседі. Соның ішінде мамандандырылған техника жүргізушілері, сантехник, дәнекерлеуші, құрылысшылар мен техникалық бағыттағы жұмысшыларға сұраныс жоғарылай бермек. Бұдан техникалық және кәсіптік білім берудің маңызы кемімейтінін байқаймыз, – дейді ол.

Өңірде еңбек нарығы үшін таптырмайтын мамандықтардың ұзақмерзімді болжамын анықтау үшін Мамандықтар атласы әзірленеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 9-сынып бітірушілер үшін биыл бюджет есебінен 5 300-ден астам орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінуде. Аймақта ауқымды инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдар құрылысының қарқынды жүруі айтарлықтай еңбек күшін қажет етеді.

Басқарма басшысы жиын барысында өткен жылы бос жұмыс орындарын ұсынған белсенді жұмыс берушілерді марапаттады. Кезекті жәрмеңкеде 20-дан астам жұмыс беруші жұмыс іздеушілерге 200-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде 50-ден астам адам қалауындағы жұмысты тауып, 240 шақты адам жұмыс іздеу және жұмысқа орналастыру дағдылары бойынша мамандардан кеңес алды.

Ашық есік күнінде қаржы институттарының өкілдері мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсету және кәсіпкерлік бастамаларын дамыту мүмкіндіктері туралы айтты. Колледж оқытушылары мектеп бітірушілерге мамандық таңдау, заман ағымына сай даму бағыттары, технологиялық прогресс және еңбек нарығының динамикасы негізінде кәсіби бағдар берді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<