Бүгінде Байқоңыр қаласында 67,4 мыңнан астам адам тіркелген. Биыл мұндағы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрап отыр. Осыған орай, қала тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысуға ниеті бар 133 азаматқа қайтарымсыз грант берілді.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай мәлімдеді.
– Биыл Байқоңыр қаласында жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Соның ішінде «Жасыл ел» жобасы аясында 150 адам жұмысқа тартылды. Одан бөлек, «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыған 140-қа жуық азаматқа қайтарымсыз грант беріліп, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, шаштараз қызметі, шағын типография ашу, жартылай фабрикант өнімдерін дайындау сынды шағын кәсіп бастауға мүмкіндік алды. Жалпы жыл көлемінде 300-ден астам адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар осы жылы 1 591 отбасына тұрғын үй берілсе, 587 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, – деді Қайрат Нұртай.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<