Жұмыстан бас тартқандарға көмек берілмейді

404

0

Екі жыл бұрын елімізде атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілген еді. Бұлашықтық пен әділдікке негізделіп, бастысы адамдарды еңбекке ынталандыруға бағытталды. Мұндай көмекті алатын отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен болуы керек. Биылғы 3-тоқсан бойынша облыстағы есептелген кедейлік шегі 27 339 теңгені құраған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Әбдікәрімовтің айтуынша, осы жылға бюджеттен 5,1 млрд теңге қаржы қаралған. Жыл басынан облыста 10656 отбасыға тағайындалып, оған 2,9 млрд теңге төленген. Оның ішінде 8542 отбасы көмектің шартты, 2114 отбасы шартсыз түрін алған. Бір адамға шаққандағы көмектің орташа айлық мөлшері 7372 теңге.

– Атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасындағы 1784 еңбекке жарамды  адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде 878-і тұрақты жұмысқа орналастырылып, 906 адам уақытша жұмыс орындарына тартылған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көмек алушылардың саны 906 отбасына  азайды. Аз қамтылған отбасылардағы 1-ден  6 жасқа дейінгі  балаларды кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Мұндай қолдау 13 188 балаға көрсетілді.  Орта білім беру ұйымдарында оқитын 6539 балаға қоғамдық көлікте тегін жүруі үшін 74 млн теңгеге әлеуметтік көмек төленді,  – дейді М. Жақсылықұлы.

Атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді. Басты шарттарының бірі – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеп, отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ол үшін бірінші кезекте аз қамтылған отбасындағы еңбекке жарамды жұмыссыз азаматтар тұрақты жұмыспен немесе жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады. Сонымен қатар, оларға бос жұмыс орындарына, мемлекет арқылы субсидияланатын жұмыстарға, қоғамдық жұмысқа орналасуға, жастар тәжірибесінен, қайта даярлаудан өтуге мүмкіндік беріледі. Өз бизнесін ашу үшін кәсіптік білімге баулып, жеңілдікпен микрокредит және қайтарымсыз гранттар алу ұсынылады.

Отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартатын болса, АӘК беру тоқтатылады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»