Жұқпалы ауру қалайша бас көтерді?

2041

0

Жыл мезгілінің алмасып, ауа райының құбылуына қарай түрлі жұқпалы аурулар да белең алатыны анық. Маусымдық эпидахуал кезінде мамандар барынша сақтық шараларына мән беріп, ауырмаудың жолын іздеуге кеңес береді. Биылғы жаз маусымы өңір тұрғындарына оңай соққан жоқ. Аптап ыстық шынында естен тандырарлық еді. Оның үстіне қауын-қарбыз, қияр-қызанақ секілді бақша өнімдерінің де базар сөрелеріне көптеп түсетін кезі. Сонан да жұқпалы аурулар  алқымнан алатын ахуал туындайды.

Көңілді күпті еткен көрсеткіштер

Биылғы 6 айдың қорытындысымен облыста бірқатар жұқпалы аурулар аурушаңдығы бойынша  эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағалануда. Облыс тұрғындары арасында оба, тырысқақ, сібір жарасы, вирусты кене энцефалиті, туляремия, листериоз, лептоспироз, иерсиниоз, малярия, трихиниллез, іш сүзегі, паратиф, полиомиелит, қызамық, құрөзек, сіріспе, жіті вирусты гепатит В, Д, Е, лейшманиоз аурулары тіркелмеген. Ал былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда 24 нозология бойынша жұқпалы аурулардың аурушаңдық көрсеткішінің төмендеу тенденциясы орын алған. Атап айтқанда, коронавирус инфекциясы 4 жағдайға, вирусты пневмония 10 жағдайға, тамақтан улану 3,8 есеге, сарып 2,6 есеге, эхинококкоз 2,3 есеге азайған. Сондай-ақ жіті ішек инфекциясының 456 жағдайы тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 53,1-ді құрап, былтырмен салыстырғанда 15,3 пайызға төмендеген. 

– Жіті ішек инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал қанағаттанарлық деп бағалануда. Дегенмен, Қызылорда қаласы әлі де орташа облыстық көрсеткіштен 2 есеге жоғары болып отыр. Мұның басты себебі – ауа райы, яғни, күннің ыстықтығы және ата-аналардың гигиеналық-санитарлық талапты сақтамауынан, бала күтіміне мән бермеуінен. Нақтырақ айтсақ, үйде жеміс-жидектерді дұрыс жумай бере салу, қайнамаған су ішкізу, балалардың дұрыс жуынып-шайынуын қадағаламаудан, үй жағдайында дайындалған тағамдарды дұрыс сақтамаудан болып отыр. Себебі, анықталған жіті ішек инфекциясының 82 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында кездессе, соның ішінде 60 пайызы 2 жасқа дейінгі бөбектер үлесінде. Одан бөлек, осы ауырған балалардың 65 пайызы ұйымдаспаған топ балалары болса, 20 пайызы ұйымдасқан топқа жатады, яғни, балабақшаға баратын        балалар, 15 пайызы жасөспірімдер. Күн әлі де ыстық, сондықтан ата-аналардан сақтық шараларын сақтауды сұраймыз, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Сондай-ақ Әлия Мүтәліпқызы бірқатар жұқпалы аурулар бойынша аурушаңдық көрсеткіштің өскенін де жасырмайды. Атап айтқанда, жіті вирусты гепатит ауруының ішінде А түрі 1,5 есе, қызылша 115,4 есеге, көкжөтел 116 жағдайға өскен.

Осы орайда мамандарды алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі – вакцина арқылы басуға болатын  жұқпалы аурулардың өршуі.

Жалғыз жол – екпе

– Бүгінде бізді, яғни медицина мамандарын вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың бұрқ етіп, басылмай отырғаны алаңдатуда. Өйткені медицинада «екпемен басқарылатын инфекциялар» деген бар.  Оған көкжөтел, жіті вирусты гепатит аурулары, қызылша жатады. Осы уақытқа дейін аталған инфекциялардың бірде-бір жағдайы тіркелмеген еді. Биыл бұл жұқпалы аурулар белең алып отыр. Мәселен, былтыр көкжөтел мүлдем тіркелмесе, биыл 116 жағдайы анықталды. Демек, инфекциялық аурулардың бас көтеруі байқалуда. Мұның бірден-бір себебі – инфекцияға қарсы екпе алмау. Ауырған балалардың 80-90 пайызы вакцина алмаған. Ал көкжөтел аса бір қауіпті болмағанымен, балаларда өте ауыр жағдайда өтеді. Бала жөтелгенде тыныс ала алмай, тұншығып қалады. Бұл ауруды үлкен кісінің өзі әрең көтереді. Сондықтан ата-аналар ойлануы тиіс. Гепатиттің А түрі, яғни халық арасында сары ауру аталатын жұқпалы дерт те бала денсаулығы үшін қауіпті. 2012 жылдан бері жергілікті бюджет есебінен сары ауруға қарсы екпе салынуда. Сол себепті де биылға дейін  ауру белең алмаған еді. Кейінгі кезде неге бұл ауру бас көтеріп жатыр? 2020 жылдан бері теріс, дәйексіз ақпараттар интернет кеңістігінде кеңінен тарап, ата-аналардың ойын бұзып, бас тартуына  себепші болуда. Сондықтан да ата-аналардан дәлелсіз ақпараттарға сенбеуін сұраймыз, – дейді Әлия Мүтәліпқызы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанованың айтуынша, тұрғындар арасында  екпеге қарсылық жағдайлар кейінгі кезде жиі орын алуда.

– Мәселен, облыс бойынша қызылшаға қарсы екпеге 1600-ден астам баланың, оның ішінде 600-і Қызылорда қаласында тұратын ата-ана қарсылық білдірген. Соның ішінде уақытша  және тұрақты медициналық қарсы көрсетілім деген бар, оған қоса тұрақты түрде бас тартатын ата-аналар бар. Олардың саны – 48. Сонымен қатар көкжөтел бойынша  АКДС  вакцинасы салынады. Оған 3000-ға жуық ата-ана қарсылық білдірген. Мұнда бала ауырып қалған жағдайда немесе басқа да себептері болғанда уақытша бас тартылады. Ондай бала саны 2000-ға жуық. Ал 76 ата-ана егуден мүлдем бас тартқан. Оның себебі де түрліше,  діни сенімдеріне байланысты қарсылық танытатындары да, интернеттен түрлі дәлелсіз ақпараттарды оқып алып салдырмайтындары да кездеседі. Осы орайда айтарымыз, инфекциялық аурулардың алдын алудың жалғыз тиімді жолы – екпе. Жұқпалы ауру ауа тамшылары арқылы адамнан адамға тарайды. Сондықтан одан ешкім қорғана алмайды. Ал қорғанудың жалғыз жолы вакцина салдыру екенін тағы да қайталап айтамыз, – дейді Мая Миранбайқызы.

Жас қыздарға арналған жаңа екпе

ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес «2023-2025 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар» шеңберінде адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакциналауды енгізу көзделген. Бұл шара биыл қолға алынады. Елімізде дайындық жұмыстары басталып та кетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 9-14 жас аралығындағы қыздарды вакциналауды ұсынып отыр. Осыған байланысты биылғы жылдың үшінші тоқсанында 11 жастағы қыздарға екпе салу жоспарлануда.

Адам папилломасы вирусы – бұл теріні және дененің әртүрлі бөліктерінің шырышты қабықтарын зақымдайтын вирустар тобы. Вирус қауіпті. Өйткені ол тез таралады, нәтижесінде папилломалар яғни, сүйел өсінділері пайда болады және жасушалардың қатерлі ісігінің деградациясы мен жатыр мойны обыры сияқты қатерлі ісіктің дамуына қоздырғыш болады.

–    Жыл сайын елімізде жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. 600-ден астам әйел бір жылда осы патологиядан көз жұмады. Елімізде жатыр мойны обыры – барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі кең таралған қатерлі ісік ауруының екінші түрі. Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанды қоса алғанда, дүниежүзінің 135 мемлекетінде қолданылады. Неге 11 жастағы қыздарға салынады десек, вакцина адам аталған вирусты жұқтырғанға дейін енгізілсе, ең тиімді болады деп саналады. Себебі АПВ 25 жасқа толмағандар арасында жиі кездеседі. Сонымен қатар осы жастағы екпе ең күшті иммундық реакцияны қамтамасыз етеді екен. АПВ вакцинасы бірқатар елдерде тиімді екені дәделденген. Мысалы, АҚШ-та вакцина салынғаннан кейін 11 жыл өткен соң 13-26 жастағылар арасында АПВ таралуы 81 пайызға төмендеген. Жалпы вакцина барлық тексерулерден өткен, – деді Әлия Әбдіқайымова.

Мамандардың айтуынша, жаңа вакцина 8 мыңнан аса қыз балаға  егіледі деп жоспарланған. Оған дайындық жұмыстары басталып кеткен.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<