«Сыр бойы» газетінің 95 жылдығы аясында «Сыр медиа» ЖШС және Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, белгілі қаламгер Оразбек Мақсұтұлын еске алуға арналған бильярдтан турнир өтті.
Жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшының орынбасары Артур Қамбаров, «Сыр медиа» ЖШС директорының міндентін атқарушы Марат Аралбаев, облыстық «QYZYLORDA» телеарнасының басшысы Нұрбек Әмиша және сала қызметкерлері мен қаламгердің туыстары қатысты. Шара барысында Оразбек Мақсұтұлының қызметтес әрі замандас достары естелік айтып, оның кәсіби қыры мен адами болмысы туралы толымды пікір білдірді.
– Оразбектің таным-түсінігі, қаламгерлік қабілеті қарымды еді. Әрбір ізденісі жүйелі еңбекке құрылғанымен құнды болатын. Бүгінгі буын үлгі аларлық кәсіби дағды, шығармашылық әлеует ерек сезілетін. Сондықтан қаламгерді қатарластар ғана емес, жас өрен де ерекше қадірлеп, есімін ұлықтап келеді, – деді Қазақстанның Құрметті журналисі Қайырбек Мырзахметұлы.
Журналистер арасында ұйымдастырылған додада түрлі БАҚ өкілі бой көрсетіп, өзара мықтыны анықтады. Тастаяқ тартысында үміткерлер жеребе арқылы жұпталып, басым түскені жеңіске жақындады.
Сайыс қорытындысы бойынша III орынды «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аяшұлы, II орынды баспахана маманы Шыңғыс Бекішов иеленсе, I орын «QYZYLORDA» телеарнасының тілшісі Қозы Көрпеш Жасаралұлына бұйырды. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық табысталды.
Жиын соңында Оразбек Мақсұтұлының отбасы мүшелері сөз сөйлеп, баласы Берік Оразбекұлы мен бауыры Орынбасар Әділов турнирге қатысушыларға алғыс білдірді.
Турнирге «Альбион» демалыс кешені, Мұхит Кәрімбаев, Бауыржан Елеусінов, Бақыт Қаюмов, Қуаныш Әжібеков сынды О.Мақсұтұлының замандастары мен інілері демеушілік жасады.
Белгілі журналист Оразбек Мақсұтұлының еңбек жолын еске түсірсек, ол ұзақ жыл бойы Сырдария аудандық газетінде, облыстық телерадиокомитетте, облыстық «Сыр бойы» газетінде қызмет еткен.
1996 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Сыр бойы» газеті бас редактордың бірінші орынбасары болды.
Талантты журналисті ұрпақ жадында жаңғыртуды мақсат еткен БАҚ өкілдері арасындағы бильярд турнирі биыл бесінші мәрте өткізілді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<